Өлеңдер ✍️

  26.08.2022
  91


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Көркем көңіл

(Жағыпар Жүнісжанүлының 80 жылдығында)



Толғамы терең, ойлары кемел данадай,
Кінәсіздігі, кішіпейілдігі баладай.
Өзінің нанын, өзгенің қамын жейтұғын,
Әнетпен үндес, Асанмен мұңдас ағам-ай!
Жан тазалығы бүркеусіз, бұлтсыз аспандай,
Шежіре шертсе, тарихқа таңба басқандай.
Оранып отқа, жалын жамылған жас шағы,
Орайын күтіп, басталмай жатқан дастандай.
Соғыс алаңы, жер мен көк тұтас жанғандай,
Ақын да кетті, батыр да кетті аймаңдай.
Ағамыздың адалдығын, адамдығын есіркеп,
Бораған оқтан ажал да аяп қалғандай.
Өтпеді жылдар басына қатер төндірмей,
Ұмтылды ұзақ үміттің отын сөндірмей.
Финдер ме, әлде кімдердің шекарасында,
Қошамет көрген шпион ұстап, өндірдей.
Ең дойырға да мінезі ұнап жібектей,
Сыйласар еді арасынан қыл өтпей!
Бейнетқорлығы, төзімділігі өнеге,
Біз түгіл, сонау Ел басына да тіректей.
Сексеніңіздің сеңгірінде де мүлгімей,
Қалам ұстауы-қаламдастарға үлгі ғой.
Отызында үш жүз аттан бәйге алған,
Солақайдың торысындай дүл-дүл, ей!
Бата-тілеуі жалпыға жауған нөсердей,
Енді оны кімдер толғайды дейсіз төселмей!?
Сондықтан, мәңгі өшпейтін бейне ұсындық,
Көңіліміздің төрінде тұрған көсемдей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу