Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  68


Автор: Хамит ЕСЕМАН

Жас жүрек ем жырға жүрген сиынып...

Жас жүрек ем жырға жүрген сиынып,
Бір бақыт боп қалмап едің бұйырып.
Іздеп сені бара қалсам үйіңе,
Кері қарай жібермеуші ең қиылып.
Кері қарай жібермеуші ең қиылып,
Қалушы едім қылығыңа сүйініп.
Жыр оқушы ем айлы түннің астында,
Құп алушы ең жан-дүниең иіліп.
Көп ұзамай сол бір күндер алдады,
Оның тағы түсті маған салмағы.
Өмірім деп өлең жазып жүргенде,
Бақытыңа асығыпсың алдағы.
Бақытыңа асығыпсың алдағы,
Өз жүрегім өзімді өстіп алдады.
Асығыстау кездеріңді білмеппін,
Мен де асығар ем бақытқа сондағы.
Жүрген шығар жанарыңнан жас тама,
Енді өкініш онда да емес, басқада.
Құшағында сен елтідің өзгенің,
Мен орамал салам ертең басқаға.
Өмір осы... жиынтығы дүрмектің,
Енді келіп өлеңімді мұңды еттің.
Тұрушы едің меруерттей мөлдіреп,
Әттең есейгендігіңді білмеппін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу