Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  85


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Қасым да, Мұқағали...

Қасым да, Мұқағали...
Бәрі – осында.
Әзәзіл көрсетпейді қарасын да.
Ұжымақта жүрегіңді қолыңа ұстап,
Жүрсің бе хор қызының арасында.
Алланың көріп алтын нұрын-дағы
Көңілің орнықты ма құбылмалы?
Хафиздің ұжымақтағы сұлулары,
Жүр ме екен жерді сызып бұрымдары.
Періште кетті бізден –
Пері келіп,
Қырқыңды бүгін беріп – еңіредік.
Ұжымақтың арулары ұйықтап жатқан
Түрегеп кеткен шығар сені көріп.
Тылсымға – жатқан көздің шарасында,
Тағы да сүңгіп, батып барасың ба?
Өзіңнің өлеңінді оқи бермей,
Оқып қой біздікін де арасында.
Хор қызын Муза барса тербетуге,
Керемет мұң жүгірер келбетінде.
Қызғанып осындағы әйел біткен,
Қызық бір қиқу салсын Жер бетінде.
Бұлбұлдар ғана сайрар бақшада да,
Бар ма орын ақынға да, патшаға да?
...Жүрміз біз хан базарда қап арқалап.
Муза жоқ мұнда.
Анау...
Ақша ғана...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу