Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  66


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ПАТШАМЕН СӨЙЛЕСКЕН АУЫЛ

Біздің шалдар жерге түскен сақалы,
Аузын ашса, мәтелі мен мақалы,
Ақжарықтың қуырады апшысын,
Ашуланса, Абылайдан қаһары.
Аңшы Зейнұр, тазысы көп, құмайы,
Шешен – Мұхтар, Шыңғысхандай шырайы.
Әттең, шіркін, кештеу туып, кем болған,
Ерте туса, би болатын сыңайы.
Не күн туды басынан сөз асырып?
Ақжарықтың толқынындай тасынып,
Ит те, құс та басқарма боп осы елге,
Екеуі де алған әбден ашынып...
Ойы ордалы, от ұшқындап көзінен,
Бір айтты ма, қайтпайды сол сөзінен.
Аупарткомды, обкомды да қойды енді,
Сөйлесіп жүр Сталиннің өзімен!
Тірі болғай, Мұхаң, Зекең екеуі,
Біздің көрген құқайымыз жетеді!
...Аупарткомның нелер қатал хатшысы
Мұнда келсе жымың-жымың етеді...
Басқарма боп келсін небір көкеңіз,
Иығынан қағып-қағып өтеміз.
Шертіп көрсін маңдайынан біреудің,
Не істер екен Мұхаң менен Зекеміз!
Жас та болған, ішіп-ішіп мас болған,
Бастықтар бар сұлуларға бас салған...
Енді тиіссін Қызыларайдың қызына,
Екі аяғын келтірейік аспаннан!
Қор қыздары ақ маралдай керіліп,
Кірпіктерін қағуға да ерініп,
Қызыларайға қияметтік сапардан
Қайтып келді салдық пенен серілік!
Бәйгені алып оңынан да, солынан,
Қаражорға жығылмайды жолынан.
Тиіп көрсін Батыраш пен Қотыраш,
Біз өлейік сол жендеттің қолынан!
Қорғаламай, ерше сөйлеп езің де,
Жорғаламай... от лапылдап көзінде,
Қызыларай патшаңменен сөйлесті,
Мұхаңдар мен Зекеңдердің кезінде!
...Қайда бетке шығары сол сорпаның?!
Ақжарықтың маңдайында сор қалың.
Олар жоқта ит пен құс кеп тағы да,
Басқа шығып алды ма деп қорқамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу