Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  66


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҚЫЗЫЛ ЖАЛАУМЕН ҚОШТАСУ

Қош, менің қызыл жалауым,
жер-көктің кезіп арасын,
албырап өрттей алауың
Кремльден құлап барасың...
Есімің елге ерлік ед,
қасиетіңе сенді көп:
Рейхстагта тұрып желбіреп,
құладың неге енді кеп?!
Еш болып есіл еңбегім,
тастадым қолдан қаруымды,
бауырым болсаң, сен менің
жалмадың неге – бауырымды?
Егіліп Еуропа елімен,
окопта жаттық сенімен,
соғыстан қайтып, – менімен,
ГУЛАГ-қа бардың – менімен...
Мұңды енді кім бар тыңдайтын,
Қош, туым тұрмыз кеш қалып.
Моладан мәңгі тұрмайтын,
әруақтарды еске алып, –
боздайық бастан бақ тайғанда,
сандалып, жоқты малданып,
Бізді алып шықтың майданға,
өзің де қоса – алданып!
Қош, менің қызыл жалауым,
осы ма тағдыр таланым?
Сен – қанның түсі ең, қарағым,
келмейді қанға қарағым...
Қош, менің қызыл жалауым,
жалт қара жесір жетімге,
Пастернак, Доктор Живагоның,
қаны бар сенің бетіңде!
Ғаламның жүзін қандаған,
қантөгісті енді жыр қылма.
Бауырын – бауыры жалмаған,
қой деші мына қырғынға?!
Дүниені – өзімдікі деп,
һәм өзгелердікі деп бөліп,
Адамзат ашылып араны,
барады – бір-бірін жек көріп...
Қош, туым, ойнап бала боп,
балалықты да қойғанбыз,
қызыл боп ойнап қызынып,
ақтарды біз де сойғанбыз.
Қызыл құрлықта тудық біз –
тарс жабық жатқа есігі,
дүниежүзілік картада,
жоқ енді оның есімі...
Қысқы сарайды алғам жоқ.
Рейхстагқа да барғам жоқ,
мен емес сенің ұланың,
коммуна – елес, тұл – әнім,
қош, туым, Саған қарасам,
келеді бірақ жылағым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу