Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  93


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

О, МҰҚА!

О, Мұқа, мен де жетіммін!
Жетіммін мен де!
Басынан аттап талайдың секірдім мен де.
Туысым қайда?
Білмеймін түр-өңін оның,
Халқыма ғана сақтаған жүрегім – орын!
Туған жоқ менде, жоқ менде атаның ұлы.
Жаныма маза бермейді жаһанның мұңы!
Көзіме ыстық күллі елдің балапандары,
Қандары бөлек адамның алақандары.
Жалғыз қайың ем қалтырап жасынды күткен,
Сол қолдар менің көзімнен жасымды сүрткен!
Жүрегімде – үсіп-тоңғандар әні.
Өгіздей өрге сүйреп жүр сол қолдар әлі.
Сиынып айтам көзімнен егілген жасқа,
Ешкімім жоқ қой, ешкімім – елімнен басқа!
Еліме келіп паналап, жетілдім Жерде.
Себебі – жетіммін мен де!
Ақиқат пенен адалдық – ұйып тынатыным.
Маяковский мен Есенин – сүйікті ақыным.
Алысып...
Айқас-күреспен жетілдім Жерде.
Себебі – жетіммін мен де!
Жендеттер – шошып дүние дүрбелеңінде,
Мені де, мейлі, қамасын түрмелеріне –
Шығамын бұзып!
Сан шептен секіргенбіз біз,
Себебі – Жердің еркесі – Жетімдерміз біз!
Нанымыз біздің – Ашкөздің арандарында,
Қанымыз біздің –
Сенаттың алаңдарында –
Төгіліп жатыр!
Кекті көр келбетімдегі!
Азалы аэропорттар-ай, Жер бетіндегі,
Жүректен Музам ұшуға билет алады:
Құрлықтар – Сенат алаңы!
От боп кірейін жас толы жанарларына,
Қызғыш құс болам – қапаста қамалғанына!
Сенат алаңдарына –
Жеткім келеді,
Қалуға бекіндім әрі,
Себебі – Декабристер – жетімнің бәрі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу