Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  81


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ВЕНЕЦИЯ. МӘҢГІ ҰЙҚЫ

Ұшып кетті ғасырлар қуатты, алып!
Әлі өшкен жоқ ызғары, шуақтары.
Өлді ақындар жаза алмай соңғы жырын
Сөнген соңғы жұлдыздар сияқтанып...
Өшті бәрі!
Уақыттың қатал – ділі!
Естіледі маған да қаһарлы үні.
Түндер сайын төсектен атып тұрам,
Жанға маза бермейді жаһан жыры.
Шақырады даланың баласын көк,
Адамзатқа аспаннан қарасын деп.
Қызыларай аң-таң ғап қала берер:
«Қай қиянға қаңғырып барасың?» – деп.
Қиял келсе қиянға аттанасың,
Жасырады жер-жаһан ақ-қарасын.
Венеция! Ертегі дүниесі!
Ескерткіштер еліне тап боласың.
Кезем келіп көшесін жел қайықпен.
Мұнда мені сиқырлы Муза күткен.
О, армысың, мен сені іздеп келем,
Поэзия – құйылған граниттен!
Ескерткіштер, мүсіндер шақыруда,
Ақының да осында – пақырың да.
Тарих жүгін көтеріп – көтеріп кеп,
Қалғып кеткен секілді ақырында!
Сәулесі жоқ үрейлі жанарында,
Тап боласың жалаңаш сан аруға.
Қатып қалған... Жер шары шыр айналып,
Басқа дүние жан бітіп жаңаруда!
Кеткен ұйықтап!
Ұйықтауда зор тыныспен,
Жатқан сынды түс көріп толқып іштен.
О, сұмдық-ай, қатыгез зәрлі ұйқы,
Мәңгі ұйқы! Сен неткен қорқынышты ең!
Қатты ұйқыда, уақыттың қатал – ділі,
Естіледі маған да қаһарлы үні.
Түндер сайын төсектен атып тұрам
Жанымның ап мазасын жаһан жыры.
Тұр ма әлемге бір сұмдық орнағалы?
Анашымның тартады сол қабағы.
Күнде эфирден гүрсілдеп жарылады,
Дабыралы Нейтрон бомбалары...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу