Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  88


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Шыбын жан барда далаға жетейін....

Шыбын жан барда далаға жетейін,
Кеудемді ашып пәкпін – деп.
Құдіретіңнен садаға кетейін,
Құрманғазы мен Тәттімбет!
Елестеп өтсін Құлагерің де,
Алтынға тағалатқандай;
Қырық мың тұлпар құба беліңде
Қиқулап бара жатқандай!
Парағын эпос – дастан ашсын да,
Паш етсін қазақтығыңды.
«Адай» күй ойнап аспан астында,
Іздесін азаттығыңды!
Шыңғысхан...
Ақсақ Темір өтеді,
Елестеп – ұшқан ұландар;
Домбыраларды еңіретеді
Азалы – «Ақсақ құландар!»
Темірлер кімді тебірентеді
Мінсе де қанша қаһарға?
Күй Елі!
Күйдің Мемлекеті!
Жалғызсың – күллі жаһанда!
Шыбын жан барда далаға жетейін
Кеудемді ашып пәкпін – деп.
Құдіретіңнен садаға кетейін,
Құрманғазы мен Тәттімбет!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу