Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  118


Автор: Өріс Яшүкірқызы

АШЫЛСЫН БАҒЫҢ

Айналайын, таптың ба бақыт, жан қызым,
Жарассын сенің сүйгеніңмен дәм-тұзың.
Ашылсын бағың ақ тілеу саған тілейін
Баянды болсын бақытың тапқан, жалғызым.
Өзіңе арнап айтайын ашық сыр жаным,
Құрметпен қарап ата-енеңе жүр жаным,
Қиындық шықса алдыңнан қызым, қиналма
Емендей ерен боларсың мықты, сынбағын
Болған соң келін, қайнаға болар келінге,
Иіліп сәлем етіп жүр қызым, ерінбе,
Қарсы алып күтіп, дастархан жаса ниетпен
Қамқоршың нағыз қайнаға болар тегінде.
Болған соң келін, боласың жеңге кішіге,
Біле гөр жаным , оны да терең түсіне,
Ізетің болсын абысын, қайын сіңліге
Сырласың солар тартып жүр жақын ішіңе.
Байқап жүр, қызым, киесін келер ырыстың,
Тындырып таста бастаған басын бір істің.
Өмірдің күні ақжайма шуақ болмайды
Шыдамың жетсін, төзуге жаным тырысқын.
Жақсылық болсын жаныңа қалқам жиғаның,
Жеріңді барған, еріңді сүйген сыйлағын.
Періштем едің қолымнан тұрсын ұшқалы
Еліңде ашық елеулі болсын дидарың
Ақ сүттен жұққан бар еді сенде қасиет,
Ізгілік жолын Анаңның жаным басып өт.
Бағыңды тауып, босаға аттап барасың
Ата-анаң берер ақ бата осы өсиет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу