Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  108


Автор: Өріс Яшүкірқызы

АСТАНА КЕЛБЕТІ

Астана кеше қандай, бүгін қандай,
Көрген жан тамашы ғып қағар таңдай,
Жан кіріп Сарыарқаның кіндігіне,
Қараөткел бойы түгел жаңарғандай.
Астана әсем-абат, сәнің қандай,
Сәкенге арман болған әнің қандай,
Бұл жерде киелілер ізі қалған,
Әр басқан топырақтың мәні сондай.
Астана аруақ қонған қасиеттім,
Жақсының сөзі қалған өсиеттім.
Бір өзі бар қазаққа тұлға болған
Сейфуллин Сәкен өзі кәсіп еткен.
Астана дүбірлеткен өрің қандай,
Ұлтымның туын тіккен төрің қандай.
Жайнатқан ерке Есілдің жағалауын,
Құрыш қол құрылысшы ерің қандай.
Астана шамшырақтай түнің қандай,
Бар әлем құлақ түрген үнің қандай,
ХХ1 ғасырға есік ашып,
Маңдайың өркениетке бұрылғандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу