Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  75


Автор: Ұлбике Жанкелдіқызы

ҰЛБИКЕ МЕН ТАСПАҚОЖА

Ұлбике:
Қатты соққан дауыл да басылады,
Күллі жұртқа күн шуақ шашылады.
Білгіш болсаң кәнеки, айта қойшы,
Құдай күні қай кезде таусылады?
Таспақожа:
Қайда бұрсаң арғымақ сонда жүрер,
Ескі кетіп, орнына жаңа келер.
Ғұмыр саны Алланың өзіне хақ,
Қанша екенін жаратқан өзі білер.
Ұлбике:
Тәңір өлшеп әркімге жас береді,
Әр пендеге қауашақ бас береді.
Жаратқанның қолында болса бәрі,
Жастан ассаң өлшеулі не істер еді?
Таспақожа:
Әр елде бар бір батыр жау-жасақты,
Нар қылышты, найзалы алтын сапты.
Сен білмесең, Ұлбике, мен айтайын,
Лұқпан әкім данышпан мың жасапты.
Ұлбике:
Дарияның бас жағы бұлақ дейді,
Жол салатын далаға, тұяқ дейді.
Рас па екен көктегі жарық жұлдыз,
Төбесінде әр жанның тұрад дейді.
Таспақожа:
Жер-жаһанның бәріне Тәңір ие,
Жұлдыз асты тірі жан кие-кие.
Жұмыртқаның қабығын түртіп ашып,
Балапан да келеді дүниеге.
Ұлбике:
Өлең мен ән әуелден бір келіскен,
Қас қанатты құстай боп шығар іштен.
Нұх кемесі қайырлап қалған кезде,
Жетім бұзау бишара қайдан түскен?
Таспақожа:
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Жетім бұзау үстінде қалып кетіп,
Зеңгі баба әулие содан болған.
Ұлбике:
Жолға шыққан Меккеге қалар барып,
Қалдай қалса тобасы қайтар дарын.
Қожа болсаң, қысылмай айта қойшы,
Қандай құстың күнінен түні жарық?
Таспақожа:
Екі ауылдың арасы арық-арық,
Бау-бақша іші болады қарық-қарық.
Сен білмесең, Ұлбике, мен айтайын,
Жапалақ пен үкінің түні жарық.
Ұлбике:
Күн ысыса шілдеде бас қайнайды,
Шапашотым ағаштан жасқанбайды.
Темір деген бәрінен берік болса,
Неге ғана шотымды тас қайрайды?
Таспақожа:
Жер үстіне жаратқан бәрін сапты,
Оқығанға әлемнің бәрі нақты.
Аяқ басқан жердегі қара тастың
Бәрі дағы темірден болар қатты.
Ұлбике:
Бұлтты жарып аспанда ай шығады,
Бірде кейін, бірде ерте жай шығады.
Мен қояйын тағы да бір сауалды:
Көктен қалай шатынап жай шығады?
Таспақожа:
Бұлтты жарып, оның рас, ай шығады,
Бірде кейін, бірде ерте жай шығады.
Жауын күні дүркіреп көк төбеден
Әзіреттің оғынан жай шығады.
Ұлбике:
Жел соғады шығыстан, аңызақтан,
Бір соққанда он соғып аңыратқан.
Аспандағы топ жұлдыз Үркер деген,
Көрінеді қай кезде шаңырақтан?
Таспақожа:
Ошақты қыз сұрақтан ерінбеді,
Көкке өрлеген не деген керім еді!
Аспандағы топ жұлдыз Үркер деген,
Шаңырақтан қаңтарда көрінеді.
Ұлбике:
Қара ешкіні саусам да ақ шығады,
Киім тіксем өзіме шақ шығады,
Шақпақ тасты қолға алып соғыстырсам,
Қалай ғана жарқылдап шоқ шығады?
Таспақожа:
Бойдақ жанның көп екен ынта-зары,
Ақын қызды көруге ынтығады.
Шайтан оттан жаралған деген бар ғой,
Түртіп қалсам сенен де шоқ шығады.
Сол кезде қыздың анасы Жаңыл шешей: «Өлеңді тоқтатыңдар» – деп, бір отырыстағы ойын-күлкі үшін жігітке рахметін айтады. Жиналған жұрт қыз бен жігіттің өлеңіне риза болып тарайды




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу