Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  136


Автор: Ұлбике Жанкелдіқызы

ҰЛБИКЕ МЕН КҮДЕРІ ҚОЖА

Ұлбике:
Қарағай отқа салса көсеу болар,
Қартайса қара арғымақ мешеу болар.
Қожеке, білгір болсаң сөз сұрайын,
Жігіттің нағыз жұрты нешеу болар?
Күдері:
Жігіттің үш жұрты бар қатынасар,
Сыйласса қуанысып мауқын басар.
Әрине әрқайсының орны басқа,
Болғанмен бәрі жақын, жолы қатар.
Жігіттің туған жұрты күншіл келер,
Талғампаз қайын жұрты сыншыл келер.
Көтерер еркелікті нағашы жұрт,
Жиен деп қимайтұғын мүлкін берер.
Ұлбике:
Қарағай отқа салса көсеу болар,
Қартайса қара арғымақ мешеу болар.
Қожеке, білгір болсаң сөз сұрайын,
Атап бер, қазына ерде нешеу болар?
Күдері:
Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы,
Көк мылтық, алмас кездік қысы-жазы.
Ау-жылым, қара қақпан құра білсе,
Жігіттің келіспей ме сонда сазы.
Жігіттің осы жеті қазынасы,
Жасайтын табиғатқа базынасы.
Қоя бер сұрағыңды, Ұлбикежан,
Сана да, айтқанымды жадыңа алшы?
Ұлбике:
Қарағай отқа салса көсеу болар,
Қартайса қара арғымақ мешеу болар.
Қожеке, білгір болсаң сөз сұрайын,
Атап айт, елдің жұты нешеу болар?
Күдері:
Қысыр сөз үлгі бермес Құран тұрып,
Біреуі жеті жұттың – қуаңшылық,
Екінші – қаһарлы қыс мал қыратын,
Үшінші – жұқпалы ауру, ашаршылық.
Төрт пен бес, өрт пенен су – тілсіз жауың,
Ешкімнен біле алмассың оның дауын.
Алты, жеті – соғыспенен жер апаты,
Шошытар басқа түссе адам қауымын.
Осымен тамам болды жеті жұтың.
Өмірлік тәжірибеден алған сабақ
Қарттарым солай депті есі бүтін.
Ұлбике:
Қарағай отқа салса көсеу болар,
Қартайса қара арғымақ мешеу болар.
Қожеке, білгір болсаң сөз сұрайын,
Ғайыптар адамзатта нешеу болар?
Күдері:
Бұл өмір қалтылдаған бір желқайық,
Еш пенде ұшып кетпес қанат жайып.
Қара жер бауырына өзі-ақ тартар,
Табаның бір иірімде кетсе тайып.
Адамзат бұл дүниеден өткенінше,
Басынан кешетіні бес-ақ ғайып:
Санайын тыңда да отыр көңіл қойып,
Бірінші – жүздесуің – дидар ғайып,
Екінші – дәмдес болу-несібе ғайып,
Үшінші – жолға жолдас-сапар ғайып.
Төртінші – бас қосуың некелесіп,
Сүйсең де, сүймесең де – тағдыр ғайып,
Бесінші – бұл өмірден өтер шағың,
Ажалың неден болар ол бір ғайып.
Ұлбике:
Қарағай отқа салса көсеу болар,
Қартайса қара арғымақ мешеу болар.
Қожеке, білгір болсаң сөз сұрайын,
Сойғанда малда жілік нешеу болар?
Аттарын атап берсең осылардың,
Дәріптеп даңқыңды елге асырармын.
Ризамыз пірлігіңе, жүрлігіңе,
Жұрт білед оның несін жасырамын.
Күдері:
Он екі малда жілік алты жұптан,
Шаруалар білер бағып, жолын тұтқан.
Аттарын атап берем, тыңда да отыр,
Шынымен қожа сөзін қадір тұтсаң.
Үлкені – сый қонаққа жамбас болар,
Бас пенен тартылғанда жолдас болар.
Екінші – табағыңа ортан жілік,
Қабырға, омыртқаны жолдас қылар.
Үшінші – жіліктің бар асықтысы,
Бұнымен де құрмет етер асып кісі.
Төртінші – табағыңа жауырын түсер,
Ас құрмет бұрынғының тәртіпті ісі.
Бесінші – табағыңа тоқпан жілік,
Мұны да тартады жұрт жолын біліп.
Алтыншы – кәрі жілік әйелдерге
Тартылар сыбағалы құрмет қылып.
Осындай алты жілік жұбыменен,
Өзінің тартылады жолыменен.
Ас беру, қонақ күту қазаққа сын,
Бәрін де жасамаса жөніменен.
Ұлбике:
Қожеке, сөйлеп кетсең шежіресің,
Тасқындап тау суындай төгілесің.
Азырақ жұрт тыңдасын танысалық,
Сұрағым жеті атаңнан не білесің?
Күдері:
Қожайы Мұса менің жетінші атам,
Сәйеди Ибраһим алтыншы атам.
Сәйеди Ибраһимнен Смағұл ер,
Бұл менің санағанда бесінші атам.
Одан соң төртінші атам Ғабдімәлік,
Дуана – хажы Мәді үшінші атам.
Би Қылыш дау шешетін екінші атам,
Ер Көшек одан туған бірінші атам.
Мен болсам Күдерімін алдыңда отқан,
Өзіңмен бірге ойнаған алтыбақан.
Қасиетін бабалардың халық білер,
Мен оны мақтан етіп несіне айтам.
Ұлбике:
Қарағай отқа салса көсеу болар,
Қартайса қара арғымақ мешеу болар.
Қожеке, білгір болсаң сөз сұрайын,
Алты алпыс, сегіз сексен нешеу болар?
Күдері:
Қаратас үгітілсе құм болады,
Замана жылдан-жылға сұм болады.
Ұлбике-ау, сен білмесең мен айтайын,
Алты алпыс, сегіз сексен мың болады.
Ұлбике:
Қарағай отқа салса көсеу болар,
Қартайса қара арғымақ мешеу болар.
Қожеке, білгір болсаң сөз сұрайын,
Құйрығы ту байталдың нешеу болар?
Күдері:
Ендеше сүмбіл еді, сүмбіл еді,
Туғанын сүмбіленің кім біледі.
Байталдан құйрық санап жүргенім жоқ,
Өзіңдей арқан ескен күң біледі.
Ұлбике:
Қарағай отқа салса көсеу болар,
Қартайса қара арғымақ мешеу болар.
Қожеке, білгір болсаң сөз сұрайын,
Жұлдызың аспандағы нешеу болар?
Күдері:
Ащыны тұщыменен татқан білер,
Арзанды қымбатпенен сатқан білер.
Аспаннан жұлдыз санап көргенім жоқ,
Өзіңдей шалқасынан жатқан білер.
Ұлбике:
Ризамын, жауабыңа зерек қожам,
Қазаққа сіз екенсіз керек, қожам.
Бұрын соң артық кеткен сөзім болса,
Кеше гөр әруағыңмен жебеп, қожам!
Күдері:
Ұлбике-ау, таусылмайтын сен бір сұрақ,
Сарқылмас сағасы арна мен бір бұлақ.
Әлеумет риза болса біз де риза,
Кешпейтін сөздерің жоқ, Ләйлім шырақ.
Сен жанған Алтын шырақ жеке-дара,
Үлгі айттық естігенге екеу ара.
Асыл сөз артта қалсын, жұрт үлгі алсын,
Жиған мал не болады қора-қора.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу