Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  228


Автор: Ұлбике Жанкелдіқызы

ҰЛБИКЕ МЕН КҮДЕРІ ҚОЖА

Ұлбике бетіне жан қаратпаған ақын болыпты. Сол заманда Күдері деген кісі «қожамын» деп садақалар жинап жүреді екен. Сол уақта бір той болып, Ұлбике сол тойға келген-ді. Күдері де ақын екен. Бозбалалар екеуін айтыстырамыз деп, кеу-кеулеп, қожаны қыздың тұсына алып келіпті. Сонда қожаның айтқаны:
Күдері:
Қожа өлеңді айт дегенде аялданды,
Сұм дүние қай қалпында баяндалды.
Қимылдат, өлеңіңді, Ұлбике ақын,
Тұсыңа қожа келіп даярланды.
Ұлбике:
Әуенге асығамын салғанымша,
Қожаға ащы дауысым барғанынша.
Қожаға асықса да дәнеме жоқ,
Мейірі қазақ айтып қанғанынша.
Күдері:
Ата-бабам, шынжыры қойылған қол,
Қожа келіп тұрады оң менен сол.
Әншейін-ақ бір айтқан сөзің шығар,
Ақылы бар баланың айласы сол.
Ата-бабам пір тұтып, қожа қылған,
Не себептен қожаға тимейді жол?
Ұлбике:
Қожа болсаң, басыңда шалма болар,
Сомсынғанға зорсынған балға болар.
Қожа сендей болар ма сары құлақ сарт,
Көңілінде иман, аузында Алла болар.
Есек мінген сартпенен айтысқаным,
Сүйегіме бір үлкен таңба болар.
Қыз-жігітте қожаның жұмысы жоқ,
Мүриді кемпірімен жалдап алған.
Күрең:
Бабам үлкен Әлімге көкірек шырақ,
Төрт жағы төрт тараптан аққан бұлақ
Пайғамбардың нәсілін сары құлақ деп,
Ақыретте бересің үлкен сұрақ
Күтпейсің шариғат нәпсің үшін,
Әзір жаспын десең де қиынырақ.
Қожаң тұрып қараға көзін салын,
Түңілікті үйден тыс кеттің жырақ.
Ұлбике:
Аулақ тарт Қожа болсаң кеселіңді,
Осы жол қайтарармын меселіңді.
Ат мініп біздің елден тон алған соң,
Сатқансың Қашқарлыққа есегіңді.
Жеп едің ел қыдырып сынық малта,
Үмітің бүгін неғып кішірейді.
Шыны пірлік қылмаққа садақа кет,
Айтамын талай-талай өсегіңді.
Қожеке, пайғамбардың атын сатып,
Таппай ма құдай сенен есебіңді.
Күдері:
Алтын менен күмісті тас дейтұғын,
Қыздың көркі көзі мен қас дейтұғын.
Ақынсып ақ сүйекке тілің тиіп,
Өз айыбын білмейтұғын нас дейтұғын.
Еліңді қалмақ пенен қырғыз шапса,
Қожаға төре менен бас дейтұғын.
Ұлбике:
Шыққанда ат екіге құнан дейтұғын,
Тимеген тайдан тұяқ жат дейтұғын.
Қожамен, төременен дәзір қылмақ,
Әншейін қазакшылық салт дейтұғын.
Көп тисең ашуына біздің қазақ,
Қожаңды құл, төреңді сарт дейтұғын.
Мысықша көзін жұмып, елді алдаған,
Қожаны оңдырмайды ат дейтұғын.
Күдері:
Мінгені қожекеңнің құнангер-ді,
Қожаңыз қара өлеңге кемеңгер-ді.
Бұлғақтамай жөніңді айт, Ұлбике ақын,
Сірә да көрдім талай тереңдерді.
Шығамын, шерменде ит қыламын
Қожаның нәсілі сарт дегендерді,
Өлгенге имам, тіріге қожа бол, – деп,
Қолыма ат басындай кітап берді.
Ұлбике:
Кісі өлгенде ат пенен тон алсаңшы,
Алдап тоғыз алғанша жоғалсаңшы,
Бір кісі өлсе үш тоғыз алдап алып,
Тозаққа өзің барып қағылсаңшы.
Қожасып, өлі-тіріні айтамын деп,
Аюдай алжып жүріп сандалсаңшы.
Нәпсіні дөнен иттей семіз қылып,
Түбіне зынданшының ұға алсаңшы.
Онда Күдеріні жұрт жасытып, күліп, қызды көтермелеп, Ұлбике жеңді, – деп бозбалалар шуылдап, қолпаштаған соң, ол өкпелеп тұра жүгіріпті. Онда әркім қожаға «кетпеңіз» деп жұбатып көңілін ашыпты, сонда
Ұлбике өлең бастапты:
Өлең десе көңілім судай тасар,
Мен емес қару таппай сөзден қашар,
Қан жауғырдың тексізін мұнан байқа,
Өкпелеген қойшыдай тұра қашар.
Өкпелесе қоя бер құрғырыңды,
Өзінің де құзғындай ниеті нашар.
Жарты мата басына орап алған,
Және бір сарт қожа кеп орнын басар, —
деп айтқанда, Күдері қожа бір жолата жеңіліпті




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу