Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  115


Автор: Ұлбике Жанкелдіқызы

ҰЛБИКЕ МЕН КҮДЕРІ ҚОЖА айтысы

Күдері:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында
Тұсыма қыздар келді қос алмалы.
Ұлбике:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
Тұсында қыздар болса қос алмалы,
Қожа қайтіп ұстайды ақ шалмалы?
Күдері:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
Біреудің ақ некесін арам қылған
Жәһөннәмге қыздар кетер қос алмалы.
Ұлбике:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
Қазақтың ақсақ тайын алдап алған,
Жәһәннәмге қожа кетер ақ шалмалы.
Күдері:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір құдайды еске алмады.
О дүние бұ дүниеден жақсы дейді,
Барайық бәріміз де, жан қалмалы.
Ұлбике:
Өлең, өлең дегенге өтер елі,
Өлең айтып көңілді көтерелі.
Бұл дүниеден о дүние жақсы болса,
Адамға айтпай қожекем кетер еді.
Күдері:
Екі құзғын ұшқан жері – Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма бізге лайық?
Бұ дүниеден сіз де өтер, біз де өтер,
Екеуміз ебін тауып сөз қылайық.
Ұлбике:
Екі құзғын ұшқан жері – Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма бізге лайық?
Сөйлесерге жоқ емі көп өлеңім,
Қожам, өлең сұраймын қолым жайып.
Күдері:
Екі құзғын ұшқан жері – Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма бізге лайық?
Ұлбике өлең сұрайды қолын жайып,
Алдағанын Ұлбике не қылайық.
Ұлбике:
Екі құзғын ұшқан жері – Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма бізге лайық?
Кішкентайдан қосылған, тақсыр қожа,
Әрі отырма, бері отыр, жақындайық.
Күдері:
Екі құзғын ұшқан жері – Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма бізге лайық?
Кішкентайдан жабысқан бір дертің бар,
Жақындасаң кетеді сына тайып.
Ұлбике:
Қара залым алар ма қара тұр деп,
Қара ғалым алар ма бара тұр деп,
Қожаның арамзасын біле қойдық,
Біз байғұсты алдайды бара тұр деп.
Күдері:
Төрт орамал шетіне түйдім анар,
Жақпаған құл қылмысты дозақ барар.
Қожаменен, Ұлбике, ойнап-күлсең,
Өнебойың шымырлап мейірің қанар.
Ұлбике:
Төменнен жеті көшіп өрге келдік,
Жеті әулие тоғысқан жерге келдік.
Келмегірдің жеріне қайдан келдік,
Діннен шыққан қожасы елге келдік.
Күдері:
Бір алуан бала едің денем сүйді,
Жақпаған қу қылмысты дозақ күйді.
Бала едің өзің тәуір, Ұлбике ақын,
Көрмес-білмес кісідей тілің тиді.
Ұлбике:
Қожеке, бес өлеңім осындай-ды,
Асық жолың бейіске қосылмайды.
Түбің қожа болғанмен, дәретің жоқ,
Дәретсіз жан иманға қосылмайды.
Күдері:
Бұқараның жолы да түйе боздақ,
Тәңірге ісің жақпаса бардың дозақ.
Со дозақтың ішінен шықпа, жаным,
Қожекеңнің айтқанын қылсаң мазақ.
Ұлбике:
Қыдырып құс салдың ба құланыңнан,
Ер өлтіріп кек алдың ба ұраныңнан.
Артынша, қожа тақсыр, қарғай бердің,
Сен де көрмей кеткенсің Құраныңнан.
Күдері:
Менімен жау болмассың, елдесерсің,
Бір-екі ауыз сөзбенен теңдесерсің.
Арашалап қоймадың, Ұлбике ақын,
Не малдан, не бастан кем өсерсің.
Ұлбике:
Сенімен жау болмағам, елдескенмін,
Бір-екі ауыз сөзбенен теңдескенмін.
Не малдан, не бір бастан кем болар деп,
Тәңірге қашан, қожа, сөйлескенсің?
Күдері:
Сенімен жау болмағам, елдескенмін,
Бір-екі ауыз сөзбенен теңдескенмін.
Бір табан сенен гөрі жолым үлкен,
Бабаңа Әзірет Әлі сөйлескенмін.
Ұлбике:
Өзің көңіл бермесең мен не етейін,
Ажал жетсе, бір сақа дәндетейін.
Қаратқан жұртты аузына ақын болсаң,
Көңіліңді, саспай тұр, сап етейін.
Күдері:
Айтайын айт дегеннен біліктімді,
Бұл менің қызға түскен бір ісім-ді.
Бабамыз Әзірет Әлі аң атыпты,
Қоймаймын қыз-дұшпанға күлісімді.
Ұлбике:
Жаратқанның бар ма екен көрген нұрын,
Бұрын көрген бейіштен алады орын.
Қожеке, мен сенен бір сөз сұраймын,
Не жаратқан болады ілкі бұрын.
Күдері:
Бар дейді жаратқанның көрген нұрын,
Нұрын көрген бейіштен алады орын.
Ұлбике, сен сұрасаң мен айтайын,
Кәппенен нұр жаратқан ілкі бұрын.
Ұлбике:
Бар дейді жаратқанның көрген нұрын,
Нұрын көрген бейіштен алады орын.
Қожеке, сен о сөзді білмей айттың,
Жаратқаны бар дейді онан бұрын.
Күдері:
Әуелде Мұхаммедтің нұрын қылған,
Он сегіз мың әлемнен бұрын қылған.
Батыраш Әділғазы нұрын төгіп,
Сегіз бейіш ішінен орын қылған.
Ұлбике:
Әуелде жаратқанда жан жаратқан,
Дарияның түбінде мың жыл жатқан.
Дарияның түбінен шығарған соң,
Нұрдан алып тауып бер не жаратқан?
Күдері:
Әуелде жаратқанда жан жаратқан,
Дарияның түбінде мың жыл жатқан.
Дарияның түбінен шығарған соң,
Нұрдан алып Ай менен Күн жаратқан.
Ұлбике:
Айтамын айт дегеннен, қожам, дүрсің,
Қожам, тоқсан түрлендің мені көрсең.
Оны тапсаң бір тыныс алар едің,
Әзірет Әлінің атасын тауып берсең.
Күдері:
Әптиектің ішінде бар еді әліп,
Жетік молда оқиды хатты танып.
Атасының аттары Батыраш-ты,
Әкесінің есімі Әбутәліп.
Ұлбике:
Сабақтың басын сұраса, үнді дейді,
Жаман сөз жақсы адамға мін-ді дейді.
Пайғамбар, ат сұрамақ сүндет екен,
«Әкең атын сұраймын, кім-ді» – дейді.
Күдері:
Құба жон, арғы ауылда жортар бөрі,
Бір жарымның жоғынан көңілім шерлі.
Ұлбике, сен сұрасаң мен айтайын,
Ер Көшек – әкем аты, мен – Күдері.
Ұлбике:
Ішінде осыншаның атым Есен,
Халқым қоймас өлеңді білмен десем.
Қожеке, сен айтқанда, мен де айтамын,
Жанкелді – әкем аты, Жаңыл – шешем.
Күдері:
Құба жон арғы ауылда жортар бөрі,
Жоғынан бір жарымның көңілім шерлі.
Ұлбике, сен айтқанда, мен де айтайын,
Ер Көшек – әкем аты, мен – Күдері.
Ұлбике:
Керегенің басында мақта шүйке,
Шүйкені жаман қылса болады үйке.
Қожеке, сен айтқанда, мен де айтамын,
Жанкелді – әкем аты, мен – Ұлбике.
Сонда Күдері тоқталады.
Тағы да Ұлбике:
Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар,
Шудасы жосып жатса шаңға батар.
Сыймаған тіл-аузыңа ақын болсаң,
Дария ағып жатқан қашан қатар?
Күдері:
Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар,
Шудасы жосып жатса шаңға батар.
Қауыста қарашамен қаймақшиды,
Жеті тоқсан айында дария қатар.
Ұлбике:
Бұ қайдағы қожа еді-ей, есі кеткен,
Есі кеткен болмасаң Ертіс өткен.
Есі кеткен болмаса, есер қожам,
Жеті тоқсан айлары қашан өткен?
Күдері:
Жүк арттым ақ тайлаққа қатар-қатар,
Шудасы шөгіп жатса шаңға батар.
Сендей мен күн есептеп жүруші емен,
Қай күн суық болғанда дария қатар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу