Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  73


Автор: Ықылас Ожайұлы

ТАЛАСБЕК

Ер өтті, ет жүрегін шоқтай қарып,
Қаңтардық, қаракөкті қақпайладық.
Дауылы қос ішекті керней-керней,
Таласбек домбыраға кетті айналып.
Тым қиғаш...
Кемеңгерге, киеліге
Бұл тағдыр...
Таңба болды-ау сүйегіме.
Шайқалған шөл далада сен бір мұхит,
Мынау жұрт жете алмады-ау жиегіңе.
Қасқайып қарайтұғын күн көзіне,
Ер еді ол
Әмір еткен мың сезімге.
Тамшыдай мөлдіреген Таласбектің
Тати ма мынау ғалам бір сөзіне.
Ажалдың оғы тиді ардағыма,
Тағдырға жасай алар бар ма шара?
Қайғыңды, қайран аға, көтере алмай,
Қабырғам майысады салмағына.
Санасын гүлдеткенде мына халық,
Ақылда ай туады, жұлдыз жанып.
Сол күні...
МҰНАР БАСЫН БҰЛТҚА ШАНШЫП,
ТАЛАСБЕК ТАУҒА АЙНАЛЫП ТҰРАРЫ АНЫҚ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу