👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  156


Автор: Алмажан Азаматқызы

ЖЕТІМ ҚЫЗ


 


Жәңгір тұсында Азамат дейтін адам өліп, оның Алмажан дейтін он төрт жасар қызы, Төрежан дейтін жеті жасар ұлы жетім қалады. Нарындағы тоғыз би екі жетімнің малын өздері бөліп алмақшы болады. Өзі ақын, өзі қажырлы Алмажан билердін жауыздығына наразылық білдіреді де, бүтін дүниесін тастап, інісін жетектеп, ханға барып арыз айтпақшы болады. Жүрейін деп жатқанда, қарт атасына келіп, ақын қыз былай дейді:
Мақпал бір ойсам жарасар
Алтын сандық зерлерге,
Ғұзырлық етсем жарасар
Сөйлеген қызыл тілдерге.
Сұмырай туған кыз Алмаш,
Құрбаның болсын мұнапас
Балуан ата пірлерге.
Уақыты оның біткен соң,
Қарамай кетті қамқорым
Бақшадағы қызыл гүлдерге.
Бұлбұлым ұшып кеткен соң,
Жарықтан шығып, тап болдым
Қараңғы тұман түндерге.
Құдіреті күшті Алланың
Әмірі боп біздерге,
Әкекемді мен бейбақ
Дуана болып іздерге.
Бар сенгенім – тоғыз би
Өзіме қарап тап берді.
Қорғалауға қара таппадым,



Шағайын енді кімдерге?
Атамнан қалған малды алдың,
Мойныма қой кінәмді,
Жазығым не, билер, сіздерге?
Алтыннан соққан қылышым
Бауы үзіліп түсті белімнен.
Дүбірші тұлпар арғымақ
Босанып шығар барған жерінен.
Құс ұлығы бидайық
Шарқ ұрып көкке ұшқанда,
Балапан үйрек, қаз бен қу
Көтеріліп ұшпас көлінен.
Сусыныма шай ішіп,
Бастаңғыма бал жеген,
Толықсыған қыз едім,
Күніме жетпей айрылдым,
Екі бірдей тірімнен.
Әкекем өзі кеткен соң,
Атаңа нәлет тоғыз би,
Адастырды-ау жөнімнен.
Адастырған емей, немене,
Зорлық етіп, айырдың
Ата бір қоныс жерімнен.
Сөйлесе билер, сөз қалмас
Алмаш «арсыз көрімнен».
Екі бірдей жетімді
Жайсыз жерде жылатып,
Қорқыныш жоқ, тоғыз би,
Нәубетті кезек өлімнен.
Есіктің алды көк терек,
Сөз сөйлейін тіл безеп.



Балуан ата ер Әли
Аян берді түсімде:
«Түрегел, қызым, сөйле!» деп.
Мен айтайын сөзімді,
Тарқатайын мұңымды,
Не қылайын сөзге бой тежеп.
Қуарып қалған қу үйде
Мен де бір, билер, қу тезек.
Атамнан қалған малды алып,
Лұқпандай мың жасап,
Өлмеймін деп жүрмісіз?
Асықпай тұр, тоғыз би,
Сізге де келер бір кезек.
Ойласам, ақыл жетпейді-ау
Адам бір заттың құлқына-ай.
Пияладай ұшқан сұңқарым
Көрсетпей кетті қылпын-ай.
Күйік бір етіп көзіме,
Артыңа тастап кеттің ғой
Мына бір жаудың өзіне.
Әкекем, өзің кеткен соң,
Атаңа нәлет тоғыз би,
Үш күндейін кеңесіп,
Басылмады сұлқыны-ай.
Атамнан қалған малды алдың,
Ең болмаса, тоғыз би,
Шыдамадың қырқына-ай.
Алтын туы жығылды
Мысыр сынды қаланың.
Делбесі жібек үзілді
Күймелі күміс шананың.



Әкем мен шешем өлген соң,
Қанғаны сол ма табаңның?
Қас ақымақ болмасаң,
Өлімге неге күлесің,
Қайдан білдің, тоғыз би,
Боларын неден қазаңның?
Қатерлі қызың мен болсам,
Алдына келсін балаңның.
Қызыл тілім сау болса,
Асықпай жүр, тоғыз би,
Басыңды бір тығармын
Артына өлген анаңның.
Атым бір мінген қаракер,
Шабуыл салсам, шығар тер.
Уақыты мұның біткен соң,
Тоғызы жетпей төгілді
Өндіре салған алтын зер.
Жасымнан еткем жақсылық,
Бірін де билер білмеді-ау,
Нарындағы тоғыз залымға
Қайырда өткен болды-ау сер.
Екі бірдей жетімді
Түс көргендей түңілтті
Бауыры суық қара жер.
Жәңгір ханды ниеттеніп,
Жетімді қолдан жетелеп,
Қызың да кетіп барады,
Қамқор едің, атеке,
Көріселік, қолың бер.
Алтын зер салсам жарасар
Қара мауыт жағаға.



Арғымақ жексем жарасар
Күймелі күміс шанаға.
Әкеке, өзің кеткен соң,
Атаңа нәлет тоғыз би,
Қызылы сөнбей сәуленің,
Жетімге келіп қол салып,
Дұшпанға қойды табаға.
Билерден қорлық көрген соң,
Шыдамай кетіп барамын
Төрежан сынды балаға.
Шіреніп жатып толғайтын
Сұмырай Алмаш қызыңда
Бұрынғыдай, ата, күн бар ма-ай!
Шағалалы көлдей шалқыған
Халқымнан безіп барамын,
Ақырын Тәңірім бермесе,
Қос жетімде сын бар ма-ай.
Қызымен жасты Алмашты
«Аламын!» деп тап берді,
Нарындағы тоғыз залым да,
Ойласам, ата, дін бар ма-ай!
Қатты сөзді тік көрді,
Ерлер керек бұл іске
Сөзімді айтқан тыңдарға-ай.
Атеке, көрсең, сәлем айт,
Еске алып бізді сұраған
Нарындағы жас жігіт,
Құрбы да құрдас қыздарға-ай.
Қой айдаттым базарға
Алтынды, күміс теңгеге.



Жасау бір жидым жайнатып
Қарағайдан салған бөлмеге.
Ата, бір көрсең, сәлем айт,
Жанұзақтың зайыбы
Түймежан сынды жеңгеме.
Басыма тарлық келген күн,
«Шырағым, жайың қалай?» деп
Қасыма бір де келмеді.
Жан жолдасым жеңешем
Толықсыған кеңілімді
Бір тиындай көрмеді.
«Жылама, жаным, бикеш!» деп,
Жұбатып көңіл бөлмеді.
Жан білмеген жас басым,
Жалғыз да кетіп барамын,
Атеке, көрсең, сәлем айт
Қайратты, қанды жігітке,
Қасыма бірі ермеді.
Қараша құс мекендер
Қарағай, қайың тал басын.
Киік, құлан мекендер
Асқар таудың жал басын.
Әкекем, өзін кеткен соң,
Атаңа нәлет тоғыз би
Ұмытып кетті-ау Алласын.
Мен жыламай қайтейін,
Менің көрген күнімді
Адамзаттың ұлына
Әр кезде Тәңірім салмасын.
Билерден қорлық көрген соң,



Алып та қашып барамын
Әкемнен қалған бір тұяқ –
Төрежанның өз басын.
Атеке, көзің сала жүр,
Атаңа нәлет тоғыз би
Артымда қалған малымды
Тағы да талап алмасын.
Жәңгір ханды ниеттеніп,
Қызың да кетіп барады,
Тоғыз биге сәлем айт,
Дегенінен қапыл қалмасын!
Керуенім кетті Мәріге,
Мәріден кетті әріге.
Қамқорым менің кеткен соң,
Артында қалған қос жетім
Келе алмай жүр сәніне.
Тоғыз бидің зарпынан
Есендеспей барамын,
Қайран жұртым, елдегі
Жасы бір үлкен кәріге.
Атеке, көрсең, сәлем айт
Ескеріп бізді сұраған
Қайран да жұрттын бәріне.
Мұндай да мұндай іс көрдім,
Көріп тұр ғой көзіңіз.
Қартайған соң халқыңа
Елеусіз болды сөзіңіз.
Жәнгір ханды ниеттеніп,
Қызың да кетіп барады,
Көріскенше күн жақсы,
Қош, аман бол өзіңіз.



Алмажан қарт атасына осы сөзді айтып, інісін жетектеп, хан ордасына жаяу жүріп кетеді. Түнде адасып,
қалың қамысқа тап болады. Інісі әрі шаршап, әрі қорқып,
жылап отырғанда, Алмажан мына сөзді айтады:
Емшектесім, жұбайым,
Бақытыңды, сірә, ашпады-ау
Бір жасаған Құдайым.
Келіп кіріп кетіппіз
Ызғын қалың қамысқа.
Енді ойласам, қарағым,
Адасар болдық сыңайым.
Ханның көлі – қорық көл,
Мұнда келсе қарауыл,
Көлде неғып тұрайын!?
Осындай торға түскенде,
Ізгі бір адам келсейші
Біздей екі жетімге.
Жөн керсетіп бермеген
Жасаған Жаппар Құдайым,
Жөнімді кімнен сұрайын?
Шығып едік елімнен
Хан Жәңгірді көрмеге,
Ішке толған мұңды зар,
Арызымды айтып бермеге.
Ең болмаса, шырағым,
Аға ғып сені бермеді-ау,
Ағатайлап ермеге.
Өлгенімше зар болдым
Аға менен жеңгеге.
Жалғыз қара сен үшін



Ниеттеніп қана келемін
Ұсынып мойын өлмеге.
Қызыл тілім сауында
Ханға жетіп барайын,
Дүниенің шарығы жоқ екен
Екі айналып келмеге.
Жасыңда қалдың, шырағым,
Ата, анаңды көре алмай.
Арманда кетті екеуі
Қызығыңды көре алмай.
Алмажан сынды сұм апан
Жылай да толғап келеді,
Басына пана бола алмай.
Толықсыған көңілім
Басылмайды, қарағым,
Тоғыз биден кек алмай.
Атаңа нәлет тоғыз би!
Қаңғыртып бізді жіберді-ау,
Дүние-малды көре алмай.
Билерден қорлық көрген соң,
Келемін іздеп Жәңгірді,
Жата алмадым үйімде,
Ел-жұртымнан ұялмай.
Киік, құлан мекендер
Асқар таудың бұлағын.
Борай да борай қар жауса,
Тәңірдің өзі сақтайды
Киіктің жетім лағын.
Шырағым, кімнен көреміз
Заманның мұндай болған шұнағын.



Елінен безген қос жетім –
Мекендер болдық екеуіміз
Қалың қамыс құрағын.
Елінен безген жетімнің
Кім білер жосық, тұрағын.
Апекең мұңдық сау болса,
Дұшпаннан кегіңді әперер,
Көңілің бұзып, қамығып,
Жылай берме, шырағым.
Қанаттасым, жалғызым,
Тар жерде жылап жасыма,
Апекең сенің қасында.
Тар жерде жылау лайық па
Азамат ердің баласы
Төрежан деген басына?
Жылағаның қоймасаң,
Кешегі кеткен әкекең
Балапан болып жүзбей ме,
Көзіңнен аққан қанды жас
Араласып у болды
Ішейін деген асыма.
Құлан бір түзде, қу көлде,
Көңілді бұзып қамығып,
Жылай да берме, шырағым,
Алмажан сынды апекең
Құрбандық болсын басыңа!
Қаршыға құстың баласы
Ұшады заулап алысқа,
Қонады зәулім көз жетпес
Бәйтерек басы шалысқа.



Арғымақтан туған қазанат,
Болдырмайды шабысқа.
Асылдан қалған тұяғым,
Билерден қорлық көрген соң,
Шыдамай шықтым намысқа.
Әкекем өзі кеткен соң,
Жолығуға мұң болдық
Жүз көріскен танысқа.
Бесік табы кетпеген,
Қабырғасы қатпаған,
Екі бірдей қос жетім
Жүре алмадық алысқа.
Тоты құстай керіліп,
Шалқып өскен қыз едім,
Тап болдым дүлей қамысқа.
Дегеніме келгенше,
Мекен етіп тұрмадым
Адыра қалған Нарында.
«Мен» деген қазақ баласы
Кімнен артық деуші едім,
Кешегі әкем барында.
Тұйыққа бүгін киліктім,
Кім су себер іштегі
Түтеніп жанған жалынға!
Алмажан інісімен жол таба алмай, адасып көп жүреді.
Мұнан кейін олар Орда маңында тұратын Сағитжан деген
ноғайға жолығады. Бұл адам әкесіне таныс, дос адам екен,
Алмажан оны танып, мына сөзді айтады:
Жылқы салдым тоғайға,
Тоғай бір толы шоғайна.



Оңға шығар ақ ісім,
Ісім бір келер оңайға.
Оңайға ісім келмесе,
Осындай игі жақсы адам,
Шақырсам да жолай ма?
Елінен безген қос жетім,
Құдай айдап, кез болды
Әкемнің досы ноғайға.
Кешегі әкем барында,
Арғымақ міндім жорға деп.
Әкекем өзі кеткен соң,
Әулие қоймай сыйындым:
«Ер балуан, қолда!» деп.
Қолдаған емей, немене,
Аян берді түсімде:
«Түрегел, қызым, толға!» деп.
Әрбір күннің бірінде
Толғай түсіп келемін:
«Біз бейшара мұңдыққа
Көрсеткенің, Алла, сол ма?» деп.
Шырайыңды көргенде,
Шырамытып мен тұрмын
«Әкекемнің жан досы
Сағитжан ноғай бұл ма?» деп.
Айдын да айдын, айдын көл,
Айдын көлдің ішінен
Ұшады үйрек пырлаған.
Қоғалы үйрек ұшқан соң,
Байласа, қарға тұрмаған.
Еңсесі биік ақбоз үй
Тігулі қалды Нарында,



Қайырсыз болып оңбаған.
Тоты құстай керіліп,
Еркелеп өскен қыз Алмаш,
Күні бір бүгін болғанда,
Қу қамысты паналап,
Көлден де көлге зырлаған.
Сағитжан аға, білмейсіз,
Жөнімді саған айтайын:
Азамат ердің қызы едім,
Менің атым – Алмажан.
Сіздің келген уақытта
Тоғыз жасар бала едім
Тұлымшағымды шалмаған.
Өспей кеткір сұм басым,
Он төртіме келгенде,
Салиқалы қыз болдым
Жібектей шашын талдаған.
Кешегі кеткен әкекем,
Ерлігін оның сұрасаң,
Ер Әлиден кем емес;
Өз дегені болмаса,
Пенденің тілін алмаған.
Ақылы артық арыстаным
Озып еді байтақтан,
Үзілсе арқау жалғаған.
Достың опат болған соң,
Орнын ұстай тұрарға
Артында тұяқ қалмаған.
Пиялай кескен қолымнан
Сұңқарым қашып кеткен соң,
Нарындағы тоғыз би
Біздерді келіп алдаған.



Алдағанмен тұрмаған,
Төрежан сынды сәбиді
Есігіне құл қылып,
Қызметіне салуға,
Алмажан сынды бейбақты
Кішілікке алуға –
Басымды сүйтіп шырмаған.
Сұмырай туған қыз Алмаш
Билердің онысына болмаған.
Бұған да неғып көнейін,
Туғалы қорлық көрмеген,
Күні бүгін болғанда,
Мына тұрған қыз Алмаш
Алдыңа келіп зарлаған.
Алладан болған іс болса,
Маңдайымнан көрейін,
Жәңгір ханның құзырын,
Алып барып, көрсетші,
Арызымды айтып берейін.
Тындалмаса арызым,
Бұл қорлыққа көнгенше,
Қаңғырып жүріп өлейін.
Сағитжан қыз бен баланы ертіп, Жәңгір ханның ордасына алып келеді де:
– Анау ханның есігі, анау ханның үйі,– деп жөн сілтеп
жібереді.
Алмажан інісін жетектеп, хан үйінің есігінің алдына
келеді. Ханның билері Алмажанды ханға жібермейді. Алмажан билерге мына сөзді айтады:
Елім бір көшті талдауға,
Талдаудың түбін барлауға,



Сұрамай жөнімді, ұстадың,
Екі бірдей жас жетім
Көрінді ме оп-оңай,
Билерім, сізге алдауға.
Алыстан іздеп келгенде,
Сендерден қорлық көргенім,
Нарындағы тоғыз залымнан
Құтылдым деген сұм басым,
Қайтадан түстік байлауға.
Ай жалыны айда екен,
Күн жалыны күнде екен,
Орданың басшы билері,
Қас қасқырлар мында екен.
Арызға келген жетімді
Жібермей, жолдан тоқтату,
Билерім, сізге жөн бе екен?
Нарындағы тоғыз залымнан
Онан да зорлар мында екен.
Нарында тоғыз залым-ды,
Залымдар алып малымды,
Тірідей қорлық көрген соң,
Бір шапағат болар деп,
Үміт етіп келіп ем
Жаяу іздеп ханымды.
Құтылдым деген сұм басым,
Артық туған қыз едім,
Қолымнан сұңқар жем жеген.
Қапыда ұшып сұңқарым
Шақырсам да келмеген.



Сұңқарым ұшып кеткен соң,
Нарындағы тоғыз би
Мал қоймады бөлмеген.
Екі бірдей жетімге:
«Жаның шықсын, өл!» деген.
Келіп едім даңқымен
Жәңгір ханнын құзырына,
Күндіз-түні барсаң да,
Есігі бар кең деген.
Қалай еді билері,
Арызға келген жетімді
Жібермей, жолдан тоқтатып:
«Параң болса, бер!» деген.
Қоя бер, билер, жөніме,
Қалжыңдасып тұратын
Үйіндегі жеңге емен.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы