Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  299


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

ҚАРАТОҚАЙ БЕРІШ ЕСЕТТІҢ БАЛАСЫ АМАННЫҢ ҚЫЗ ҰЗАТУЫНДАҒЫ ТОЙБАСТАРЫ

Той қылып, жұрт шақырдың Аман мырза,
Есболай, Шеруен бай тамам мырза.
Тарылғанға ат береді, ашыққанға ас,
Келеді Беріш тарылса саған, мырза.
Есболай, ауыл едің қыдыр көрген,
Тұқымың асыл еді туып-өнген.
Жау жайпап, қараңғыда ту көтерді,
Баласы Есболайдың ер Итемген.
Таудағы түбі тесік тас бұлақтай
Шынжырың келе жатыр арғы жерден.
Табылды, Итемгеннен Қара туды,
Қалдыбай, Қабыл, Мәтен және туды.
Ар жағы Есболайдан бермен қарап
Аузына әлі жұрты қаратулы.
Кісіден қолын жайып бата алмаған
Туғаннан дәрежесін ала туды.
Шынжырың арылмаған бір сой едің
Әуелде Алла артық жаратулы.
Артында Қабыл қалды Қара өлгенде,
Ап кетер атан жүгін нар өлгенде.
Берішті жеті баулы бір күйзелтті
Кешегі Ожырайдан Дәрі өлгенде.
Бақытың бірден екі өрмелейді
Қайтпаса тұқымыңның бәрі өлгенде.
Есболай ауыл еді қалың ірге,
Сөз айтып, әңгіме етем көрген түрге.
Шынжырың жеті атаңнан арылмаған,
Қашаннан Алла сізді жарылқаған.
Болғалы атаң сенің ер Есболай,
Дұшпаннан кегің бар ма алынбаған?
Итемген Есболайдың баласы еді,
Қосылған жеті арнаның саласы еді.
Байұлы он екі ата ел болғанда
Қайраты қай қазақтың талас еді?
Беріш бар жеті баулы санағанда
Бәрінің Есболай бай ағасы еді.
Ауылсың шеңгел толып мақтағандай,
Мен жүйрік айтар сөзге тоқтамаңдай.
Қатардан асқан жансың мырзалығың
Алланың аманатын ақтағандай.
Дүниеден бір күн ауып кете қалсаң
Артыңнан Беріш баласы жоқтағандай.
Аралас қайыңменен бітеді емен,
Жиылып көп азамат сөйле деген...
Жас күнімнен жиылған
Алқаның көрдім кеңесін.
Дуадақ ұшқан боз маңдай,
Мұнартқан төбесін.
Мақтағанда жыршыңыз,
Осы алқаның ішінде
Мұнан артық не десін?
Бес-алты ауыз жел сөзді
Сыйдырып айттым өзіңе.
Келтір деп көптен жүр едім
Осы тойдың кезіне.
Біразырақ мақтайын,
Сөзді неге таппайын,
Жиылып тұрған астана
Риза бол сөзіме.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу