Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  251


Автор: Нұрлан Қалқа

Алтын дiңгек

Тамырларың тереңге таратылған,
Бақ пен сордың нəсiбiне жаратылған.
Бiр бұтағы қуарса көктемеде,
Бiр бұтағы сəбидей жаңа туған.
Жапырағы ал бiрде жасыл-желек,
Ботаң үшiн төгiлер жасың бөлек.
Менiң алтын дiңгегiм қосарланған,
Көршiң болып күн сүйген тасың ерек.
Дауылдарда жығылмай, шайқаласың,
Өмiр үшiн күрестiң, тайталастың.
Қыстыгүнi ажарсыз қалғаныңмен,
Көктем келсе түрлендiң – қайта жассың.
Тарам-тарам бұтағың – паналарым,
Əр жапырақ – сырласар ағаларым.
Тамырыңнан сеземiн мəңгiлікті,
Мұңданғанда саяңды жағаладым.
Алтын дiңгек, тот баспас алтындарым,
Бiлiп жүргей бiз үшiн парқың барын.
Опырылып кетпегей деп күнде мен,
Тəу етемiн Жаратқан алдында мың.


Сендер маған мəңгiлiк көрiнесiң,
Қашан болсын көңiлдiң төрiндесiң.
Анам, əкем – мəуелi, алтын дiңгек,
Жанымдасың, жүректiң көгiндесiң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу