Өлеңдер ✍️

  17.08.2022
  226


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Басу айту

Мысық тірлік, аяқ жалар ит әлем.
Хайыпқа да толып тұр-ау хит әлем.
Мысық шіркін жылы үйде маужырап,
Көріп жүр-ау тіршілігін ит әрең.
Билік, халық, түсіне алмай әлекпін.
Зиянкестен қорықсам да тары ектім.
Мәшһүрім де, біліп айтып кеткен ғой,
Аштық келіп, жұлып жепті сан етін.
Мысық пиғыл жандарды мен жақтырман.
Өш алғанмын қойға шапқан қасқырдан.
Көрлерінде өкіріп бір жатар-ау,
Қысық көздер, адамзатқа қас қылған.
Мысық тілеу, қарғыс өлең қаптаған.
Ел алдында айтшы қалай ақталам?
Жан-жағымда анталаған дұшпан көп,
Жерді алам- деп мұра еткен Сақ бабам.
Жалай берсек жазылады жарамыз.
Суымасын бауырларым арамыз.
Жағамызды жыртуға әзір тұрамыз,
Әй қазағым, қайда кетіп барамыз?
Байқайықшы, бағдарлайық маңайды.
Қалың жұрттың көзі неге қарайды?
Бүгін оны дана дейсің ұлықтап,
Басын жарған өзің едің Абайдың.


Махамбет ше, дауылдатқан ғасырды.
Туған іні, сұм айласын асырды.
Кенесары басын бермей ұлтыма,
Көршілерім неге оны жасырды?
Ойланайық, қамданайық ағайын.
Анталаған жауға тола маңайың.
Бұл індеттен өліп жатқан адам көп,
Мен де өкпемді айтып-айтып алайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу