Ертегілер ✍️
Бақыт іздеушілер
Ертеде бір бай болыпты, байдың үш баласы болыпты. Бір заманда бұл байдың шаруасы кеміп азая бастайды. Күннен-күнге күн көрісі қиындап бара жатқан соң, байдың үш баласы ақылдасып кәсіп етуге шығады. Үлкен баласы айтады: «Мен Астраханға барып балық кәсібін етемін», – дейді. Ортаншы баласы айтады: «Тұзда кәсіп көп, мен сонда барамын», – дейді. Сонда тұрып ең кіші баласы айтыпты:
«Қайда барса да бақытсыз болмайды, мен бақыт іздеймін», – дейді. Айтқандарындай: үлкен баласы Астраханға, ортаншы тұзға кетеді. Кіші баласы бақыт іздеп шықса: алдынан бір піл тап болып, баладан қайда барасың деп сұрайды. Сонда тұрып жігіт: «Мен бақыт іздеп жүрген жанмын» – дейді. «Егерде сен бақытты тапсаң менің басым қатты ауырады, соның емі не екен, соны сұрай келші», – дейді піл. Жігіт «жарайды» деп жүріп кетеді. Келе жатса оған бір теректің түбінде жылап отырған шал тап болады. Жігіт:
– О, не қылған жансың, неге жылайсың? – дейді. Сонда шал ыайтады:
– Мен не заманнан бері бұл терекпен күн көріп келе жатыредім, қазірде терегім қуарып, жапырағы түсіп, жеміс беруден қалды. Мен соған жылап отырмын, ал өзің қайда барасың? – дейді жігітке. Жігіт:
– Бақыт іздеп барамын, – дейді. Сонда шал жігітке айтады:
– Егерде сен бақытты тапсаң: не себептен менің бұл терегім жеміс бермей қалды екен, соны сұрашы, – дейді. «Жарайды сұрайын», – деп жігіт шалдан шығып, бір патшаның үйіне келеді. Амандасып болған соң, патша ол жігіттен: «Не қылып жүрген адамсың, қайда барасың?» – деп сұрайды. Жігіт: «Мен бір бақыт іздеп жүрген жанмын» – дейді. Сонда жігітке патша: «Егерде, сен бақытты тапсаң, не себепті мен осынша бай болсам да, қаншама әскерім болса да соғысқан патшаларымнан жеңіліп қала беремін, соны сұрашы», – дейді. Жігіт патшаның үйінен шығып, көп жүріп шаршап-шалдығып бір таудың түбіне келіп деп алайын деп жатып ұйықтап қалады. Бір уақытта жігіт басын көтеріп қараса: бір ақ киімді, ақ шалмалы кісі оятып тұр екен. Жігіт кісіден: «Не қылған жансың, саған не керек?», – дейді. Сонда ақ шалмалы кісі жігітке:
– Мен сені іздеп жүрген бақытпын, үйіңе қайт, барған соң тілегіңді беремін, – дейді. Жігіт:
– Қайтайын, бірақ біреулердің маған тапсырған аманаттары бар еді, оны қайтемін? – дейді. «Ол қандай аманат еді?» – дейді кісі.- Мен сізді іздеп келе жатқанда, маған бір піл тап болып: «Басым қатты ауырады, соған не ем екен, соны сізден сұрай кел деп еді. Бір шал бір теректің жемісіменен күн көреді екен, қазірде сол шалдың ағашы жеміс беруден қалыпты, сол не себептен екен, соны сұрап біл деп еді. Олардан басқа бір патша: күшті, бай, көп әскерім бола тұрып, соғысқан патшалардан жеңіле беремін, соның себебін сұра деп еді», – дейді жігіт. Сонда тұрып ақ киімді, ақ шалмалы кісі жігітке айтады:
– Пілдің емі сол; елдегі ең тентек кісінің миын жесін, сонан жазылар. Шалдың ағашының емі: ол ағаштың түбінде бір өгіз тұлып алтын бар, сол алтынды алып орнына топырақ толтырсын, сонда ағашы жеміс береді. Енді патшаның емі: ол патша өзі асыл патша екен, бірақ сондай бай, әрі күшті болса да ол еркек патшалармен соғысқанда әйелдігі себепті жеңіліп қалады екен: ол байға тисе, жер үстінде онан күшті патша болмайды дейді. Бұл аманаттарының бәрін
біліп жігіт үйіне қайтады. Жолда ол жігіт патшаға келеді. Патша жігітті тіпті ұмытып кеткен екен: – Сен кімсің? – дейді үйіне кіріп келгенде. Сонда жігіт айтады:
– Мен бақыт іздеп бара жатқанымда сіздің үйде болып едім; сонда сіздің маған тапсырған бір аманатыңыз бар еді. Соны айтуға келіп едім дейді. Тек сонда ғана патшаның ойына түсіп жігіттен сұрайды:
– Жә, маған не хабар айтасыз? – дейді. Жігіт патшаға айтады:
– Сізге бақыт байға тисін, тағын күйеуіне берсін,– деді.- Егерде сіз сол айтқандарды істесеңіз бұл дүниеде сізден күшті патша болмайды деді, – дейді. Сонда патша жігітке мен саған тиейін, тағымды да берейін, сен маған бай бол, – дейді.
– Жоқ, мен аулыма қайтам, маған бақыт үйге қайтуға қосты, – дейді жігіт. Сөйтіп, жігіт патшалықты алмай келе жатса, жолда баяғы шалға тап болады. Шал жігітті көргеннен-ақ танып:
– Жә, бақытты таптың ба? Менің ағашыма не себепті жеміс шықпайды екен? – дейді. Сонда жігіт айтады:
– Бақытты таптым, ол саған айтты: ағаштың түбінде бір өгіз тұлып алтын бар екен, соны алып, орнына топырақ салса ағашың жеміс береді деді, – дейді. Бұны естігенде шал қуанып жігітке:
«Шырақ, кел, сен, маған сол алтынды алуға болыс» дейді. Жігіт шалға болысып, екеуі өгіз тұлып алтынды қазып алып, орнына топырақ салғанда ағаш гүлдеп, дереу жеміс сала бастайды. Жігіт кеткелі жатқанда шал оған айтады:
– Қайда барасың, осында қал, бұл өгіз тұлып алтын екеумізге де жетеді, екеуміз осы ағаштың түбінде тұралық, – дейді. Жігіт шалға:
– Бақыт үйіме баруға қосты, – дейді. Сөйтіп, жігіт патшалықты алмай, өгіз тұлыпты алтынды алмай, үйіне қайтып келе жатса, оған баяғы піл тап болды. Піл жігітті танып:
– Жә, бақытты көрдің бе? Ол менің басымның ауруына не ем жасауға қосты? – дейді. Жігіт пілге айтады:
– Сенің басыңның ауруы, елдегі ең тентек кісінің миын жесең жазылады деді, – дейді. Сонда піл біраз ойлап тұрып жігіттен:
– Жә, сенің өзіңе не деді? – дейді. Жігіт пілге:
– Маған бақыт үйіңе қайт, барғасын не тілесең де берермін деді, – дейді; сол себепті жолда патша болмай, өгіз тұлып алтынды алмай келе жатырмын дейді. Сонда тұрып піл жігітке:
– Ә, түсіндім, сені бақыт сынау үшін жіберген екен. Сен сорлы оған түсінбей келе жатыр екенсің:
– Неге патша болмадың? Неге өгіз тұлып алтынды алмадың? Мен, сірә, елден сенен тентекті таба алмаспын, – деп, сол жігіттің миын алып жеп жазылып, піл бай болып, барша мұратына жеткен екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter