17.08.2022
  485


Автор: Айткүл Сәулебаева

Қыз бен шал

Өткен заманда 18-ге келген бір ақын қыз ауыл-аймақ ішіндегі бозбала, жігіт-желеңге өлеңмен ұпай салып азар-ақырет берсе керек. Ел жігіттері алыс жердегі атақты ақын шалды ат-шапанын беріп қызбен айтыстырмақ болып алып келеді, қыз мұнан хабарсыз болады. Екеуіне арнайы қызойнақ істейді. Көпшілік жиналған соң, шал қызға: «айтысалық» деп өлең айтады. Қыз: «Сізді шал демейін, айтысайын, бірақ та бір жұмбағым бар, соны жасыруға ұлықсат беріңіз» дейді, шал ұлықсат береді. Қыз: «5 күшік, 10 ит, 20 бөрі, 30арыстан, 40 қабылан, 50 өгіз, 60 арқан, 70 тұсау, 80 шідер, 90торғай, 100 жұмыртқа» депті. Шал «адамның жасы мен күш- халін жасырып отырсыз», деп шешімін өлеңмен қайырады; 5 жаста адамзат күшік мінезді, 10 да иттей, 20 да бөрідей, 30 да арыстандай болады, 40 та қабыландай болады. 50 де күші көп момын өгіздей, 60 та аттай арқандалады, 70 те оның үстіне тұсауланады, 80 де арқан, тұсау үстіне шідер түседі, 90 да торғайдай халы болады, 100 де шертіп қалсаң жарылатын бір жұмыртқадай қауқары қалады», – деп шешкен екен. Қыз, шалдан «өзің қайсысың?» дегенде, шал жасым

65- те, арқандалғаныма біраз болып еді, осы күнде жұлқына беремін, тұсау салып қойыңдаршы дегенді есітіп жүрмін» депті.
– Ата, бұрын қыран болсаңыз да балақ бауланып тұғырыңызға отырған екенсіз. Тұлпар болсаңыз да арқандалған екенсіз. Арқанның ең ұзыны жортуылшының арқаны –40 құлаш, мен қызыл алтайымын, сіз алатын 40 құлаш жерді баспаймын, – депті қыз.
– Менің ендігәрі қатар емес жасқа қағылмағаным болсын, – деп шал қызға батасын беріпті, қыз қолынан суырып алтын балдағы мен қалтасынан алып жібек орамалын шалға тастапты. 





    •  






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу