17.08.2022
  1629


Автор: Айткүл Сәулебаева

Жамандық неден болады?

Ертеде орман арасында бір жалғыз кісі тұрыпты, бұл кісіден аң, құстар қорықпай, адамша сөйлесіп жүреді екен. Бір күні әлгі кісі талдың түбінде жатқанда, барлық құстар жиылып, сол жерге түнемек болыпты. Аң, құстар өзара әңгімелесіп: «Осы дүниеде жамандық не себептен болады?» – деп бірінен бірі сұрайды.
Сонда қарға айтыпты:
– Дүниедегі жамандық аштықтан болады, жүрегің қарайған соң, не болса соған ұрынасың, ешкімді тыңдамайсың. Осы ашаршылықтан біздің қанша жақын туысымыз өлді. Сондықтан аш болмаудың қамын ойлау керек, – деді.
Көгершін айтты:
– Менің ойлауымша, жаманшылық аштықтан емес.
Сүйіспеншіліктен болады. Егер де біз жалғыз болсақ, біздің жұмысымыз аз болар еді. Біз екеу-екеуден тұрамыз. Өзіңнің жар жолдасыңды жақсы көрген соң, саған тыныштық жоқ. Оның тамағын тоқ, көйлегін көк етуді ойлайсың. Және де ол бір жаққа ұшып кетсе, аман-есен келгенше тыныштығың кетіп, қайғы жепболасың. Келмей қалса, іздеймін деп, өзің бір нәрсеге ұшырап өлесің. Сондықтан жаманшылықтың бәрі осы сүйіспеншіліктен болады, – деді.
Жылан айтты:
– Меніңше, жамандық ызақорлықтан болады. Егерде біз тату тұрсақ ызаланбас едік. Сонда бізге бәрі де жақсы көрінер еді.
Егерде бір нәрсең көңілдегідей болмаса, бек қатты ашуланасың. Ашу кезінде ешкімді аямайсың. Біреуді шақсам екен деп жорғалай бересің. Ақырында біреуді шаққаннан кейін өзіңді өлтіреді. Міне, жамандық ызақорлықтан болады, – деді.
Бұғы айтты:
– Меніңше, дүниедегі жамандық қорқақтықтан болады. Егерде біз еш нәрседен қорықпайтын болсақ, бәрі де жақсы болар еді.
Мен жүйрікпін, күшім көп, кішкентай аңдарды мүйізіммен сүзіп құлатамын, үлкен аңнан қашып құтылам. Бірақ нашарлық, қорқақтық ағаштың бұтағы сыбдырласа, жапырағы суылдаса, қорыққаныңнан есің кетіп қаша бастайсың. Қашып келе жатып жардан құлап өлесің, не, ит-құсқа жем боласың. Сондықтан қорықпау керек, батыр болу керек, – деді. Сонда баяғы тыңдап отырған кісі айтты:
– Сіздер бәрің де жамандықтың не себептен болатынын дұрыс айтыңдар. Біз адам баласы оны жақсы білеміз, неге десеңдер, біз жамандықты да, жақсылықты да көп істейміз.
Аштық, сүйіспеншілік, ызақорлық, қорқақтық – бәрі де біздің тәнімізді сақтау үшін керек. Бірақ біз тәнімізбен тіршілік етпейміз, көбінесе жанымызбен тіршілік етеміз. Егерде біз бәрінен бұрын тәнімізге қызмет қылмай, жан күйіне қызмет етуді тілесек, онда біз аман болар едік, – деді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу