16.08.2022
  1084


Автор: Айткүл Сәулебаева

Түлкі мен тырна

Түлкі мен тырна достасып, бірге тұрмақ болыпты. Екеуі бір балалап бір жерден орын тауыпты. Ішіп-жемегі ортақ. Бірі жем іздеп саяхатқа кеткенде, біреуі балапандар мен күшіктердің жанында қалады. Бір күндердің күнінде, тырнаның таз балапандарына жүн шығып, жорғалайтын болады. Түлкінің күшіктері қара пұшпақ болып құлпырады. Аналары балаларын ауық-ауық жатақтың жанындағы жайдаққа серуенге алып шығып жүреді. Бір күні тырна саяхатқа кетіп, түлкі балаларды бағып-қағып қалады. Бәрін серуенге алып шығады. Балапандар мен күшіктер апыр-топыр алысып, ойнап жатады. Оны көріп отырған түлкіге ой түседі: – Осы, менің мұным не, мына тырнаның тұқымдарының мекені аспан, жайшылықта бұл секіргендерді құдайдан тілеп ала алмайтын тамақ қой. Бұл әрі-беріден соң ұшады да кетеді. Санды соғып біз қаламыз. Достасатын, бұлар менің екі туып бір қалғаным ба, ал тағы мына күшіктер де құс ұстауға үйренуі керек. Қой, кісі баласы кісіге бала болмайды. Оданда, деп тырнаның бір балапанын тыртитып алып ұрып, күшіктеріне қалай ұстап, қалай өлтіріп, қалай жеуді көрсетеді. Сөйте-сөйте күшіктер анасының баулуымен бар балапандардың басына жетеді. Өлтірген

балапандарын аулаққа апарып, тығып тастайды да, қайтып жатаққа жайласады. Кешінде тырна қайтады. Түлкі тырнаның алдынан шығып жыламсырайды. Тырна:
– Ей, не болды! – дейді. Түлкі:
– Әу, білмеймін. Балалардың саны аз көрінеді, – дейді. Тырна, апалақтап сасып:
– Жоғы сенікі ме, менікі ме? – деп сұрады. Түлкі тырнаны қыжырта кекетіп:
– Әй, байғұс-ай, ойыңның арамы-ай, қанша бауырға тартсам да, бөлектенген сөзіңнің ұшқыны шығады да тұрады. Балапандарды сенікі, менікі деуші ме едік, – депті қу түлкі. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу