16.08.2022
  616


Автор: Айткүл Сәулебаева

Түлкіден де қу бір қаз

Түлкі бір күні оттап жүрген бір қазды ұстап алып, алдыңғы екі аяғымен басып тұрып, мазақ қылып, қазды біраз азаптайын деп мұртынан күліп айтыпты:
– Ә, қаз, сенің қолыңа мен түссем, сен не қылар едің? – депті. Қаз сәл ойланып тұрып:
– Не қылар едім? Белгілі емес пе, сені тісіммен тістеп тұрып, екі аяғыңды кеудеме қойып, көзімді жұмып:
– Ә, құдай, бергеніңе мың шүкір! – дер едім де, – сені жеп қояр едім, – депті.
Түлкі:
– Мынауың дұрыс екен. Мен де сені өзің айтқандай қылып жейін депті де, қазды тістеп, өзі шоңқиып отырып, алдыңғы екі аяғын кеудесіне алып, молдадай көзін жұмып:
– Ә, құдай… – дей бергенде, қаз қанатын қағып қалып, қаңқылдап ұшып кете беріпті.
Түлкі:
– Ә, құдай… – деген күйінде аузы аңқиып, шоңқиып қала беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу