16.08.2022
  1020


Автор: Айткүл Сәулебаева

Жыл басына таласқан хайуандар

Бұрын ерте заманда хайуандар жыл басы болуға таласыпты.
Сонда жылқы айтыпты:
– Мен алысты жақын қыламын. Күшімді болса көреді, сүтімді болса ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі. Адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл басы мен боламын, – дейді. Түйе айтты:
– Сен адамның жұмысын қылсаң, сұлы, шөп асайтын тамағың үшін құл болдың, міне, мен сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айшылық алыс жерлерге барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын. Көде болса көде, жусан болса жусан, не кез келсе, соны қорек етіп, табылса су ішіп, табылмаса шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық, – деді. Сиыр айтты:
– Адам егін ексе менімен егеді, сүтімді ішеді, құрт-май істейді, жыл басы болу маған лайық, – деді. Қой айтады:
– Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді, жүнімді алып киіз басады, жабағымнан киім тігеді, арқан, жіп еседі. Сүтімнен құрт- май алады, шаруаға менен пайдалыларың жоқ, – деді. Ит айтты:
– Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Мен сендердің баршаларыңның бақташыңмын, дұшпан көрінсе үріп, абалап, иеме хабар беремін, – деді. Тауық айтты:
– Мен болмасам, кісі ерте жұмысына бармай ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып, таң атты деп шақырып, хабар айтамын. Кеш болса, жатар мезгіл болды деп, тағы шақырамын, – деді. Тышқан не айтарын білмей тұрды да, бір түрлі қулық ойлап, жиылған көпке айтты:
– Бұл таластан ешнәрсе өнбес, жылды қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын, – деді. Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің бойына сеніп: – «Менен бұрын кім көреді» деп, тышқанның сөзін қостап бәрі қарасып тұрды. Біраздан соң тышқан жорғалап,

түйенің үстіне шығып, өркешінің басына мінді де отырды. Көп хайуан таласып, біз көреміз, біз көреміз деп тұрғанда, ең биікте отырған тышқанды көріп, ешнәрсе демепті.
Сонан соң жылды бәрінен бұрын тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болыпты. Түйе бойына сеніп құр қалыпты.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу