16.08.2022
  455


Автор: Айткүл Сәулебаева

Қотыр торғай

Бір қотыр торғай шеңгелге қонып отырғанда, жарасының қара қотырланған аузын шеңгелдің тікенегі сыдырып кетіпті. Торғай ашуланып:
– Қап бәлем, сені ешкіге айтпасам ба! – деп, ешкіге келіп:
– Ешкі-ешкі, ана шеңгелдің сылдырмағын неге жемейсің?Ешкі:
– Оны жемек түгіл өзім лақтай алмай жатырмын. Торғай:
– Қап бәлем, сені қасқырға айтпасам ба!
– Қасқыр-қасқыр, ана ешкіні неге жемейсің? Қасқыр:
– Оны жемек түгіл байдың жабағысын жеп тауыса алмай отырмын. Торғай:
– Қап бәлем, сені жылқышыға айтпасам ба!
– Жылқышы-жылқышы, ана қасқырды неге ұрып алмайсың?
Жылқышы:
– Оны ұрып алмақ түгіл өзім ұйқым қанбай жүр. Торғай:
– Қап бәлем, сені байға айтпасам ба?
– Байеке-байеке, ана жылқышыңды неге ұрмайсың? Бай:
– Оны ұрмақ түгіл өзім қоспамды тауыса алмай отырмын. Торғай:
– Қап бәлем, сені тышқанға айтпасам ба!
– Тышқан-тышқан, байдың қоспасын неге жемейсің?

Тышқан:
– Оны жемек түгіл өзім інімді қаза алмай жатырмын. Торғай:
– Қап бәлем, сені балаларға айтпасам ба!
– Балалар-балалар, ана тышқанды неге ұрып алмайсыңдар?
Балалар:
– Оны ұрып алмақ түгіл өзіміз асығымызды ойнай алмай жатырмыз. Торғай:
– Қап бәлем, сендерді кемпірге айтпасам ба!
– Кемпір-кемпір, ана балаларды неге ұрмайсың? Кемпір:
– Оларды ұрмақ түгіл өзім жүнімді сабай алмай жатырмын.
Торғай:
– Қап бәлем, сені құйынға айтпасам ба!
– Құйын-құйын, кемпірдің жүнін неге ұшырмайсың?
Құйын соғып кемпірдің жүнін ұшырды, кемпір келіп балаларды ұрды, балалар тышқанды ұрып алды, тышқан байдың қоспасын тесті, бай жылқышыны ұрды, жылқышы қасқырды ұрып алды.
Қасқыр ешкіні жеді, ешкі шеңгелдің сылдырмағын жеп, қотыр торғай шеңгелден өшін алған екен дейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу