Өлеңдер ✍️

  16.08.2022
  83


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Ақ ұлпалы қиял

Ақ ұлпамен өне бойын қымтап ап,
Танытса да ауыл қысы қыр қабақ.
Терезеден тауға қарап тұрушы ем,
Көр тұманы алған түрін тұмшалап.
Жылжымайтын, жүрелеген құм сағат.
Інім алғыр,
Жүретінмін жұмсап ап,
Алып келген күрсілдетіп алмасын,
Жаңа жылды күтетінмін күн санап.
Арылдым ба, сағынышты күйден мен?
Ерте ұзап кеттім жырақ, үйден мен.
Қоштасу мен күту атты сезімді,
Сол бір қыста,
Сол бір жылы үйренгем.
Бала көңіл,
Арманды еді, қиялы.
Барлық дүние, жан дүниеңе сыяды.
Түлеп ұшқан қанаттары қатаймай,
Балапан ем қимай ұшқан ұяны.
Қазіргілер қарша қызға сенбейді.
Аяз атаң, жасанса да, ол мейлі.
Қиялымды ілестіріп ап кеткен,
Балалығым бірге кетті, келмейді.


Кыс келген шақ, ақ ұлпалы салалы,
Шырша киіп, ақ қамқа тон жағалы.
Дорба арқалап бара жатқан атадай,
Құм сағат жыл, өмір өтіп барады.
Бала қиял,
Бала сезім мендегі.
Есейгенде шынын білдім, емдеді,
Тауға қарай кеткен дорба арқалап,
Аяз ата қайта оралып келмеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу