Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  532


Автор: Сәуле Досжанова

БУРАБАЙ ЖАЗЫ

Бурабайдың аспаны тамыздағы,
Бұйра бұлттар бір тамшы тамызбады.
Оқжетпес пен
Жұмбақтас, Айнакөлі,
Тұрғандай сырды бүгіп аңыздағы.
Адамдар аспан жақтан нұр тілейді,
Найзағай бұлттарды іреп, сілкілейді.
Дауысы жер жарардай Бурабайдың
Күні де оқта-текте күркірейді.
Шарт та шұрт бір құдірет зеңгір көктен,
Оқ атып жатқандайын зеңбіректен.
Болды да,
қара нөсер сатырлатты,
Астастырып кеткендей жерді көкпен.
Жер жатыр жауын суын қанып ішіп,
Көл жатыр Ай нұрымен шағылысып.
Қарағай,
ақ қайыңдар табысқандай,
Аспанның ақ нұрымен сағынысып.
Күннің бір ашылғаны армандай боп,
Адамдар көшедегі малмандай боп.
Түс ауа бұлт ыдырап,
Күн көрінді,
Көкшені жуып-шайып алғандай боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу