Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  81


Автор: Сәуле Досжанова

ҚАЗАҚПЫН МЕН!

Қазақпын мен!
Одан асқан мақтаныш жоқ мен үшін.
Азатпын мен,
Дөңгеленген Жердің үсті өрісім.
Ұстаған мен тістегеннің қолында боп сан ғасыр,
Байлығының, барлығының кештеу көрген жемісін.
Ғуннан туып,
Бабаларым жарты әлемді шарлады,
Қыннан суырып,
Қылыш сермеп, еркіндік боп арманы...
....Үш жүз бенен қырық руға бөлінсе де өр халқым,
Кең даласын білек күші, найза ұшымен қорғады.
Шыңғыс, Темір
Жерін жаулап, бұзды-дағы шырықын.
Жебір-жесір
Жасаса да бұза алмады құлықын.
«Ақтабанды-шұбырынды» көрсетсе де жоңғарлар,
Боздап жүріп жоғалтпады қайран халқым рухын.
Торықса да,
Ешбір елдің соққан емес сойылын.
Басын кессін,
Қарсы тұрып, жимады еш айылын.
Қылыш шауып, аштық өтіп, қырылса да қаншама,
Туып жатты әз аналар заманына сай ұлын.
Жетпіс төрт жыл,
Тағы да өтті уысында Кеңестің.
Жетпіс төрт жыл.
Жеті ғасыр бодандықпен теңесті.
Техниканың қуатымен аспанға ұшып, Ай құшып,
Қазақстан бар жағынан алып жатты белесті.
Мақтады кеп,
«Мақтана бер, – деді қазақ сен енді!»,
Даттады кеп,
Жұмбақпенен дәстүріңді, көнеңді.
Жас өскіні сөйлемейтін болды ана тілінде,
Бірте-бірте рухымызға салды осылай шегенді.
Миллиардап
Астық құйдық қамбасына ортаның,
Миллиондап
Қой өсірді төскейінде Арқаның.
Көмір, темір, мұнай мен газ күні-түні тасымалдап,
Қазақстан жасап жатты сол одақтың бар қамын.
1986.
Желтоқсанда санамыз,
Сілкінді де,
Шықты алаңға қара бала, қара қыз.
Қайта оянған ұлт намысы жалындады жастық боп,
Өшіруге ұмтылды оны кейбір сенген «данамыз».
Сол жалында
Жатты өртеніп Ұлы Кеңес Одағы.
Жан-жағына
Бытырады кешегі он бес боданы.
Қызыл тулы, бесжұлдызды дүрілдеген ел еді,
Бұзылды да кетті солай бір дәуірдің тоғаны.
Коммунистің
Манифестін біржолата лақтырды,
Атеистің
Жат пікірін бір-ақ күнде отқа ұрды.
Маймыл емес топырақтан жаралғанын дәлелдеп,
Әулиелер-көріпкелдер қайта оралып, сап құрды.
«Үлкен жерден»
Он төрт бодан тәуелсіздік алды да,
Үлкендерден
Бата алып, отау тікті өз алдына.
Азаттықтың ақ таңының арайына шомылып,
Байрақтары желбіреді сарайлардың алдында.
Қазақтың да
Көкбайрағы желбіреді шығыстан.
Азаттықтың
Елтаңбасы құйылды да құрыштан.
Алатаудан астанасы көш бастады Арқаға,
Ере берді Елбасыға қалың елі ұғысқан.
Есіл бойлап
Ашылды да зор құрылыс алаңы,
Есіл жайлап,
Астананы сәнге бөлеп ағады.
Ақ Ордасын ортаға алып Еуразиядан басталды,
Үшінші мыңжылдықтағы Қазақстан заманы.
Сан тартыспен,
Біраз мекен алды көне атауын.
Тайталаспен,
Біраз ауыл тікті қайта отауын.
Би-батырын, ақындарын есіне алып ағайын,
Той өткізіп дуылдатып киіп шықты шапанын.
Небір сұмдық
Зобалаңнан тарыдайын шашылған,
Небір «шындық»,
Заманаңнан ақиқатты жасырған.
Балаларын шақырды Отан бауырына қайтадан,
Уақыт өтіп кетсе-дағы ғасырдан.
Қайран қазақ,
Жатты оралып ата-жұртқа қайтадан.
Оралғандар,
Сағыныштың зарын төгіп айтады ән.
Бауырларым терін төгіп араласты еңбекке.
Бейбітшілік береке мен татулықты байқаған.
Ғасыр көшіп,
Дәуір келіп, заман жатты алмасып.
Асыл бесік –
Дәстүріміз жаңа өмірге жалғасып.
Қазақ тілі – ана тілім алу үшін мәртебе,
Өз жерінде басқа тілмен арпалысып, арбасып.
Ата Заңда
Жазылды да мемлекеттік тіл болып,
Ата жолда
Ысырылды қақпайланып күн көріп.
Бабасынан қалған жерде ана тілім өлсін бе,
Қазақстан аспанына жарқырады күн болып.
Сол-ақ екен,
Теледидар беттерінде жарасып,
Мол-ақ екен
Қазақ тілін сөйлейтіндер таласып.
Орысы бар, немісі мен кәрісі де сайрады
Азат елдің ана тілі кетті оларға жарасып.
Жаңа далам,
Жаңа қалам уақытпенен жаңғырды.
Жаңа заман,
Жаңа дәуір ұлттың бағын жандырды.
Елу төрт ел мүшесі бар Ұйымға боп төраға,
Қазақстан Азияны есінен бір тандырды.
Қазақпын мен,
Одан асқан мақтаныш жоқ мен үшін.
Азатпын мен,
Дөңгеленген Жердің үсті өрісім.
Көк байрағым желбірейді белгісіндей бақыттың
Көреді енді ұрпақтарым сол бақыттың жемісін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу