Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  223


Автор: Сәуле Досжанова

ОТАН

«Отан» деген немене?», –
деп сұрайды немере.
«Отан» деген ұланым – Қазақстан мен үшін,
Тудым сонда, келемін еңбек етіп ел үшін.
Аманаты – бабамның,
болашағы – баламның.
Ұрпақтарым кеңітер өмірімнің өрісін.
Мына әлемде дәл сондай ел болмайды мен үшін,
Жанға қуат береді, оның әрбір жеңісі.
Маған бақыт сыйлайды,
тыныштықпен әлдилеп,
Отанымда орнаған татулық пен келісім.
«Отан» десем көңілім «Астана!» деп тұрады,
Елордама арналар жүрегімнің жыр-әні.
Бабаларым біздерге аманаттап қалдырған,
Еуразия төрінде Астанамның тұрағы.
Теңдесі жоқ байлығым – қалдыратын өзіңе,
Осы Отан, ұрпағым,
құлағың сал сөзіме.
Ешнәрсеге ешқашан айырбасқа түсірмей,
Жақсы көргін әр тасын мен сияқты езіле!
«Отан» – деген, өренім, бабаң өмір сепкен жер,
Қорған болып сол жерге жас пен қанын төккен жер.
Ұлағаттап ұрпағы,
алға асырып арманын
Теңдік сұрап ақырып, Азаттыққа жеткен жер.
Жалғастырып сол жерде бабасына баласын,
Пана тұтып жанына Көк пен Жердің арасын.
Тауларына табынып,
суын ішіп сүйсіне,
Қасиеттеп отырған топырағын, даласын.
Көз ашқаннан көргені – Отанының аспаны,
Ауасымен ғажайып, тыныс алған жас жаны.
Қаз-қаз тұрып үстінде болашаққа бастайтын,
«Туған жер» деп аталған топырағы басқаны.
Бабалардың балаға тастап кеткен тұрағы –
«Қазақстан» – қазаққа жалғыз Отан, шырағым,
Жаратқанның беретін бір тілеуі болса егер,
Өзіңді емес, Отанның амандығын сұрағын!
Өмір қалай адамға қымбат болса, өренім,
Отанның да бағасы сондай болсын дер едім.
Сен ешнәрсе дәметпе, тек қызмет ете біл,
Аларыңнан көп болсын, Отаныңа берерің.
Ата-ана мен Отанды деп ойлама таңдай ма,
Бұйырады ол адамға Жаратқаннан маңдайға.
Қадірлей біл, қастерлеп сенде жалғыз Отан бар,
Отанын шын сүйгеннің бағы мәңгі жанбай ма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу