Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  76


Автор: Сәуле Досжанова

АСТАНА КӨКТЕМІ

Күн нұрын төгіп,
ақ теңі қыстың шешілді.
Сеңі бұзылып, мұзы еріп жатыр Есілдің.
Жағалаудағы Астана қыздай сыланып,
Көктеммен бірге мерейін жұрттың өсірді.
Ақ Орда анау мәрмәрі күнмен мөлдіреп,
Төбесіндегі байрағы желмен желбіреп.
Көк күмбезінің үстінен қыран қалықтар,
Тәуелсіздіктің мәңгі ғұмырын белгілеп.
Алдында алаң, шыршалар әсем тізіліп,
Су бұрқақтардың ақ моншақтары үзіліп.
Қос қақпадағы «Қазына» мен «Самұрық»,
Қарайды қанша қаракөздерім қызығып.
Ғимараттары Мәжіліс пенен Сенаттың
Таласып көкке жаяды екі қанатты.
Алтын жұмыртқа шағылып күнге жарқырап,
Бәйтерегің таңырқатады қонақты.
Көпірлер қандай,
доғаша көркем иіліп,
Жиектеріне түрлі мүсіндер жыйылып.
Өткен ғасырда қалашық еді, мінекей,
Астана болды бағына елдің бұйырып.
Астана болды, ауды да елдің назары,
Көп бүгін көрсең ертегідейін ғажабы.
Елорда осы – төрінде Еуроазияның,
Қазақстанның әлем таныған ажары!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу