Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  64


Автор: Сәуле Досжанова

АСТАНАНЫ АҢСАУ

Жаһанды шарлап, кезіп қайтуға құмармын,
Жырақтап сенен алыс жолдарға шығармын.
Қайтқанша елге сағыныш тербеп жанымды,
Астанам сенің қадіріңді мен ұғармын.
Ғимарттарды көп көрдім көкпен таласқан,
Салтанаттарды көп көрдім сәні жарасқан.
Ешбір ғажапты қабылдай алмай өзіңдей,
Құлындай болып сан жүріп қайттым адасқан.
Асқақ таулардың таңдары күліп атпады,
Теңіздердің де сулары маған жақпады.
Сені іздедім де сандалып кеттім жырақта,
Өзіңнен асқан жұмақты жаным таппады.
Ару Айы мен жұлдыздары да самсаған,
Тартпады мені, көшелерінде шаршағам.
Күншығыс жаққа сағынышыммен ұшамын,
Астанам менің, өзіңді ғана аңсаған.
Жүректі сендік жылыта алмады жырақтар,
Сезімім бейне өзіңнен қашқан бұлақтар.
Су бұрқақтарың сияқты ой боп шашырар,
Жанымды жүрген мазалап сансыз сұрақтар.
Төсіңде сенің қалықтап тұрар қаншама ән,
Көркейіп өскен келбетіңе мен тамсанам.
Бір қызың менмін,
көшеңде келе жатып та,
Астанам менің, өзіңді сүйіп, аңсаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу