Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  140


Автор: Бауыржан Үсенов

ӨСЕК ӨРТІ

Ылайланды кеудемдегі тұнық ән,
Мен туралы өсек қардай борады.
Қасқырлардай аласұрып ұлыған,
Қоршап алып қой қамалған қораны.
Ойым онға, санам саққа бөлініп,
Қан жылаған күндеріме не дейін.
О, әділет, бір рет кет көрініп,
Сенің тірі екеніне сенейін.
Аңқылдаған адал едім, ақ едім,
Бір тиындық бақыр қылды құнымды.
Соғыс самолеттері ұшқан әлемім,
Айқұш-ұйқыш атқан оқтан тілінді.
Қайран адам,
Көтересің төбеге
Сосын тастап жібересің неліктен.
Ал, өсектеп аяғымды өреле,
Ерік беріп желауызға желіккен
О, өлеңім, өксіп-өксіп жылама,
Шыда, шыда, шымырқанған төзімім.
Бұлақ ағып жатқанымен жырада,
Мөлдірлігін жоғалтпайды өзінің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу