Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  61


Автор: Бауыржан Үсенов

СҰҢҚАР – ҚИЯЛ

Сұңқар-қиял, ал енді
Самға, самға,
Сүйегіне иеңнің таңба салма.
Жеті қабат көкке кет,
Зарыққанда
Жерге келіп қонарсың анда-санда.
Томағаңды сыпырдым
Жөнел кәне,
Жұлдыздан да алып кет өлеңді әрі,
Кеуде жарып шығардай аласұрған,
Табылады жүрекке сенен дәрі.
Сұңқар-қиял
Сыйынған пайғамбарым,
Сеземісің сұрапыл майдан барын.
Қамал бұзар жиырма бес,
Келіп қалды
Жердің шарын бір рет айналмадым.
Сұңқар-қиял
Топшыңды жайға жаны,
Шамырқансын шабыттың тай қазаны
Мекеніне жасынның жете алды екен,
Жыр баптаған даланың
Қай қазағы.
Сұңқар-қиял,
Сия көк аспан мекен,
Қанатыңның қайғысы дастан ба екен
Сенің әрбір сәттерің төмендеген
Менің қызыл қанымды шашқанға тең.
Сұңқар қиял –
Бір сәт те төмендеме,
Өмірде де
Өлшем жоқ өлеңде де.
Төмендесең талқан қып сенімімді
Тұғырыңа қайтадан келем деме,
О, сұңқар қиял!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу