Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  87


Автор: Бауыржан Үсенов

МОЛА БАСЫНДАҒЫ ЖІГІТ МҰҢЫ

Самалдай ақ қайыңды аймалаған,
Өзіңді енді құшу қайда маған.
Мен деп ұқ аңыратып кешкі ауаны,
Азалы ән естісең айдаладан.
Тағдырдан шаттық емес өрт емемін,
Жайымды домбыра боп шерт өлеңім.
Қыр жақтан кісінесе бір қылқұйрық,
Ол өзің, үкі таққан кертөбелім.
Сол баяғы көктеме бақ гүлдеп тұр,
Қалыңдықтай алқамды тақтым деп бір.
Төбеңнен сыңсып ұшқан үн естісең,
Ол менен сәлем айтқан аққу деп біл.
Тосамын суытпақ боп желге жанды
О, самал, өксігіңмен тербе маңды.
Қалай ғана тірілтіп ала аламын
Құлпы тастан қиылған кер маралды.
Айнам-ай, қалай сенем жоқ дегенге,
Сыздайды жүргендей-ақ оқ денемде.
Қызыл жасыл құлпырып тұрса-дағы,
Жарамай қалды жанға көктем емге.
Тірі жүр деп өзімді сендіремін
Бүгін тағы түсімде мөлдіредің.
Раушандай үлбіреп, елге келсем
Кім шығады алдымнан енді менің.
Өзің барда думанды базар ем мен
Жан сырыңды жыр қылып жаза бергем.
Ей, өмір, ерте үзілген еңлік үшін,
Мен саған ғұмыр бойы маза бермен.
Мейлі енді дерттен мәңгі айықпаймын,
Күн кешейін, ескексіз қайықтайын.
Мен сені ғұмыр әнмен тербеп өтем
Ақбөбектен айрылған Қайыптайын.
Мүмкін емес уақыттың тоқтамағы,
Мені де тағдыр атқан оқ табады.
Мен үшін сенің молаң көз жұмғанша
Қағбаның қара тасы боп қалады.
Хош!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу