Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  83


Автор: Бауыржан Үсенов

МАМЫР СОҢЫ ЖАЗ БАСЫ...

Миуа бақ, маздашы,
Самал сүйген ұрын кеп.
Мамыр соңы-жаз басы,
Кісінеді құлын боп.
Ара гүж-гүж бал жалап,
Мал тоқтықтан кекірген.
Түйін салды алма бақ,
Қыз төсіндей жетілген.
Терек басы толы құс,
Хор бастаған бір демде.
Сүйгеніңмен жолығыс,
Сүттен аппақ түндерде.
Жейдең терге малшынып,
Қайдағы жыл қозады.
Бұраңдаған талшыбық,
Күнге қолын созады.
Жаздың басы... жаз деген,
Қыз сызылтқан назды өлең.
Ойнақтаған боз дөнен
Бере алмайсың сөзбенен.
Сойып тастап қазақ қой,
Үй тігеді шеткері.
Жаздың аты жаз-ақ қой
Бірақ ол да өтпелі.
Жалған деген осы ма?
Семіздігі қаз соры.
Шошы мейлі шошыма,
Көңілсіз күз жаз соңы.
Желмен ұшып ебелек,
Қырмызы күй жоғалар.
Жаз бөбегі – көбелек,
Күзде жайың не болар




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу