Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  242


Автор: Темірхан Медетбек

...Өйткенi

Ол жүр десе,
Жүргiмiз
Келмесе де жүремiз.
О күл десе,
Күлкiмiз
Келмесе де күлемiз, –
Ақшасы көп қой өйткенi.
Жанымызға батса да
Үндеместен мүлгимiз.
Ақымақ сөз айтса да
Басымызды шұлғимыз –
Ақшасы көп қой өйткенi.
Ой айтпаған әлi бiр,
Кiм екенiн бiлемiз.
Сондадағы бәрi бiр
Жетегiнде жүремiз, –
Ақшасы көп қой өйткенi.
Ол келсе егер «айдай» боп
Қуанышқа батамыз.
Құшақтаса,
Майдай боп
Ерiп бара жатамыз, –
Ақшасы көп қой өйткенi.
Сездiрмеймiз сықырын
Теңселсе де өремiз...
Төбемiзге
Тұқылын
Сөндiрсе де көнемiз, –
Ақшасы көп қой өйткенi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу