Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  63


Автор: Темірхан Медетбек

Көше мүйiсiндегi жалғыз ағаш

Дау-дамайдан адастым
Өзiмше ой кешемiн, –
Дегендей-ақ ағаш тұр
Мүйiсiнде көшенiң.
Жаңбыр құйып,
Ышқынып.
Боран оны сiлкедi;
Жел сұғанақ ысқырып
Тұла бойын тiнтедi.
Жоқшылықты қабыл ап
Еңкiш тартып қайысқан, –
Жапырағы қобырап,
Бұтақтары майысқан.
Абыр-сабыр жол бойы.
Көрiнiс бұл күндегi...
Жұлым-жұлым өн бойы,
Жырым-жырым дiңгегi.
Тұрған ағаш бүгiлiп,
Маған туыс, жақындай, –
Тiршiлiктен түңiлiп
Iшiп кеткен ақындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу