Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  78


Автор: Темірхан Медетбек

Тұтқындар

Айтар кезде –
Ешқашан да бұққым жоқ.
Айтар кезде –
Ешқашан да бүккiм жоқ.
Барар жерiн,
Шығар жерiн бiлместен
Маскүнемдер араққа жүр тұтқын боп.
Көше кезiп көр боп кеткен қайран жан!
Соны көрiп қаншама мен қайғы алғам.
Жүр ғой қазiр –
Қанша менiң ұрпағым! –
Есiрткiге тұтқын болып байланған.
Сол сұмдыққа, –
Қара қәне –
Қаймықпа!
Күреске шық,
Қасiреттi жайды ұқ та.
Толтыра алмай қомағайлық құлқынын
Бiреулер жүр тұтқын болып байлыққа.
Керегi жоқ ол жандарға ешкiм де.
Қарамайды өштiң бе, әлде өстiң бе?!
Ал бiреулер өз жұртынан безiнiп
Тұтқын болған басқа тiл мен дәстүрге.
Иыққа алдық болашақтың жүгiн бiз.
Әнге қостық болашақтың үнiн бiз.
Сол адамдар босап шықса тұтқыннан
Қандай биiк Ел болар ек бүгiн бiз.
Зердеңе сал,
Санаңа құй,
Ұқ мұны! –
Мәңгiлiкке есiңе ұстап тұт мұны.
Тұтқын болсаң болу керек тек қана
Елге деген махаббаттың тұтқыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу