Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  77


Автор: Темірхан Медетбек

Қуыршақ – тағдыр

Қуыршақпыз, бәрiмiз қуыршақпыз!
(Соны ескермей кететiн ұмытшақпыз).
Қуыршақпыз, бәрiмiз қуыршақпыз.
Қазiр бiздiң басымыз айналып тұр:
Бiле алмаймын – қай бағдар, қай бағыт бұл...
Бүкiл бiздiң өмiр мен тағдырымыз
Көрiнбейтiн жiптерге байланып тұр.
Сол жiптермен тұрасың, жығыласың,
Сол жiптермен түрленiп, құбыласың!
Көрiнбейтiн көзiңе сол жiптермен
Бұғынасың, ал бiрде бұрыласың...
Сол бiр жiптер тәркi еттi – ерен едiм!
Сол бiр жiптер жер еттi – кемел едiм!
Көрiнбейдi сол жiптер –
Әттең, әттең! –
Асылып-ақ соларға өлер едiм.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу