Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  67


Автор: Темірхан Медетбек

Аңсау

Ұшып қиял ғарышқа
Әрбiр сөзден от тауып,
Айдалада, алыста
Жүретiн ем шөп шауып.
Шалғыларды қылыштай
Тұратын ем қайрап мен.
Шымыр едiм құрыштай
Нар сияқты қайратты ем.
Шалғы оратын сырылдап –
Саз шығатын қаншалық –
Шегiрткелер шырылдап,
Бозторғайлар ән салып...
Тұла бойға от енiп,
Бекем байлап белiмдi,
Кететiн ем көтерiп
Бiр шөмеле шөбiңдi.
Сауылдайтын тер көзге!
(Қазiр ендi армандай).
Болатын ем сол кезде
Бұлт көтерiп тұрғандай.
Бүгiнде ендi шаршап мен
Сенделемiн, сабылам...
Сол бiр шақты аңсап мен
Сағынамын, сағынам.
Қайда – терiм тамшылап! –
Өзiмдi өзiм бiлген кез, –
Айырыма шаншып ап
Бұлт көтерiп жүрген кез?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу