Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  91


Автор: Темірхан Медетбек

Әбiш кекiлбаев

Қара нардай қатептi
Алп, алп басқан, алп басқан.
Маңғыстаудың жерiндей
Маңдайы биiк марқасқам!
Қуат алған күш алған
Қарындастан, қандастан...
Қолдасқанмен қолдасқан,
Толғасқанмен толғасқан,
Арбасқанмен арбасқан.
Бұйра бұлт секiлдi
Бұйра шашын қар басқан
Бiр өзi бiр үй толтырып
Отыратын қасқайып
Жаралғандай Жартастан!
Алп, алп басқан, алп басқан,
Маңдайы биiк марқасқам.
Әдiлдiк үшiн туыс пен
Жақынын да жатсынған.
Шамына тисе, болаттай
Шамырқанып шарт сынған!
Күйiнiп кетсе, кiмге де
Өңменiнен өткiзiп,
Жетесiне жеткiзiп
Айтам десе, айта алған
Жiбектей сонсоң есiлiп,
Бәрiн де, бәрiн кешiрiп.
Қайтам десе қайта алған...
Елiм десе, қақырап
Қабырғасы сөгiлген,
Жерiм десе, шырқырап
Жан-жүрегi егiлген,
Артық та туған ағам-ай!
Сапырып сөздiң теңiзiн
Iздеген ойдың маңызын...
Өткеннiң қиян түбiнен
Арқалап жеткен аңызын.
Халықтың мұңлы зарынан
Жаралған қара қобызым.
Халықтың шерлi жанынан
Жаралған дана Абызым!
Сөйлеп берсең шешiлiп
Айналасың шешенге,
Сөйлеп берсең көсiлiп
Айналасың көсемге.
Сол бiр кезде мен сенi
Бұлт байлаған басына
Қаратауым десем бе,
Алатауым десем бе,
Жанартауым десем бе,
Дара тауым десем бе,
Дана тауым десем бе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу