Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  119


Автор: Темірхан Медетбек

Қарала сиыр

Болдым мен бала шағымды
есiме жиi алатын...
...Бiздiң үйде сауырлы
Қара сиыр болатын.
Сүттi едi ең бiр елдегi
Желiнi иiп саулайтын.
...Қап-қара теңбiл жерлерi
Материктерден аумайтын.
Қалыңға кiрiп жел күнi
оратын асап қияқты.
Оң жақтағы теңбiлi
Африка сияқты.
Айдамай-ақ,
Әр күнi
Келетiн түсе екiндi,
Сол жақтағы теңбiлi
Америка секiлдi.
Көрiп мен оны қазына
Қазыққа талай байлағам.
Еуропа мен Азия
Жотасын түгел жайлаған.
Мақтаныш неткен балаға
жұрт қараса анталап.
Бара жататын далаға
Материктердi арқалап.
Ететiн оны ала қан
даусымен жарып құлақты, –
Бармақтай жауыз соналар
бомбаұшақтар сияқты.
Материктерге соналар
Тұмсығын тығып алатын.
Оларды сонда талаған
Құйрықпен бiр-ақ қағатын...
Желiнiн керiп бiр кезде
шелекке ақ сүт толатын.
Материктерiм сол кезде
иiп тұрғандай болатын.
Қалайтын оны қиылып
Келген де бiзге, кеткен де...
Пышаққа түстi сиырым
Күндердiң күнi жеткенде.
Бiттi де тiрлiк-өрiсi
Таратты етiн жан-жаққа...
Қарала оның терiсi
айналды ендi тулаққа.
Күн қақтап, желге желiндi,
Табанға түсiп тапталды, –
Материктерiм кәдiмгi
аяқ асты боп қалды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу