Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  67


Автор: Темірхан Медетбек

Ай тұтылған түнде

Маңдайынан тер шықты да тастардың,
асқақ басы аласарды асқардың.
Тiршiлiктi түнек етiп қап-қара
жанып тұрған шамы сөндi аспанның.
Кәрi қаншық әлдененi ұқты ма, –
жым-жырт болды қара жерге бұқты да.
Тым-тырыс боп тына қалды қайтадан
бiр сайтан жел ызың етiп шықты да...
Мәңгүрт өттi бiр малғұнды қуалап.
тiрлiк дел-сал.
Қойған-сынды дуалап.
Жып-жып еттi сумаңдаған сұмпайы,
жылп-жылп еттi жылмаңдаған қуаяқ.
Ал-дал болып тұрды сол сәт әулекiң.
Бiр суық леп жалап алды көл бетiн.
Дауыс шығып қара үңiрден албаты,
Сақ-сақ күлдi көрiнбейтiн әлдекiм.
Бiр сұмырай сүмелектi қолқалап,
ынжық тұрды мәңiрейiп шалқалап...
Байғыз жылап қара қорым iшiнде,
қан түкiрiп кеттi гүлге жарқанат.
Қара түнек шөгiп қалды ойпаңға,
қара жыныс ұйып қалды қайқаңда.
Бiрiн-бiрi тыр жалаңаш аймалап
үйлендi ғой Сайқымазақ Сайқалға.
Көрсең оны сау адамың жынданар, –
Сұп-суық боп жанып тұрды сұм жанар...
Көлеңкелер бiр-бiрiмен сөйлесiп,
үнсiз-түнсiз жылжып жүрдi Сұлбалар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу