Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  100


Автор: Темірхан Медетбек

Депрессия

Бiлiп өмiр жалғанын
өз-өзiнен ашынып, –
Үмiт пенен арманым
Өлiп жатты асылып.
Әуенi мен үнi жоқ,
Өңiм бе бұл, түсiм бе? –
Жүрмiн түн мен күнi жоқ
Күңгiрт әлем iшiнде.
Жақыны өлiп жанымның
Леп тимейдi бетiме...
Алға аттасам
қабiрдiң
жетiп барам шетiне...
Бұл тiрлiкпен жаланған
Мүмкiн емес жанасу.
Көз жасы емес
жанардан
ағады ғой қара су.
Дүние бұл сұп-суық –
пайым да жоқ, парық жоқ.
Кеудем iшi сұп-суық,
көкiректе жарық жоқ.
Қысқаның да бәрi бiр,
Ұшқаның да бәрi бiр,
ұрысқаның да бәрi бiр,
Құшқаның да бәрi бiр.
Төгiп ыстық жасымды
жылай алмаймын егiлiп...
қыңқ демеймiн
басымды
ит жатса да кемiрiп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу