Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  53


Автор: Темірхан Медетбек

Семiз бұлттар

Семiз бұлттар сабырлы-ақ.
Теңеме оны босқынға.
Төңкерiлiп, дамылдап
Жатыр аспан астында.
Бар дегендей бастанғым –
Жатыр үнсiз тыныққан –
Өрiсiнде аспанның
Кiлең семiз бұлттар!
Аспанды алып жатыр-ай!
Таяп қалған екiндi.
Түгiн тартсаң,
апыр-ай,
май шығатын секiлдi.
Неткен сұлу жарасым, –
Көздi сал да, көр қызық! –
бара жатыр, қарашы,
қарынымен жер сызып.
Бет түзеген асқарға.
Бiр-бiрiне телiнген.
Шүйгiнi жоқ аспанда
қалай олар семiрген?!
Бұлттарым тыныс қып
майға бөккен малшынып.
Тұла бойы ырыс, құт,
тұла бойы молшылық.
Қанша сұлу, қанша елес:
бұлттар жатыр жантайып –
денесiнен,
тамшы емес,
кететiндей май тамып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу