Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  69


Автор: Темірхан Медетбек

Әбдiраштың жарасқаны

Жарасқаным, дара тұлғам,
Сенде сезiм, ой шыныққан.
Бiлем сенiң
Жаратылған
Тұла бойың қайшылықтан.
Шарт кетесiң шешiм күтпей,
Сөзге бiрақ тұрақтысың.
Нәзiксiң сен өсiмдiктей,
Бәйтеректей қуаттысың.
Ақтарылып бұлақ құсап,
кейде кенет iркiлесiң.
Тұрасың да шырақ құсап,
Найзағайдай сiлкiнесiң.
Жайлау болып көсiлесiң,
Сонсоң қайта қайраласың.
Түбiттей боп есiлесiң,
Тiкенекке айналасың.
Кейде үйдi ұмытасың,
кейде үйге қамаласың.
От сияқты жылытасың,
Оқ сияқты қадаласың.
Өзiңдi мен мүлде бiлдiм,
қайшылықты құбылыссың,
өз еркiңмен бұл өмiрдiң
балын iшпей уын iштiң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу