Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  72


Автор: Темірхан Медетбек

Жаралы өмiр

Мынау өмiр –
осы қазiр –
жаралы:
темiр торлар буып алған сананы.
Тау мен тасты,
орман менен даланы
тас-талқан қып жарады да,
жағады.
Мынау өмiр жыртқыш-сынды жаралы,
ал жаралы қалай тыным табады, –
тұла бойын ашу, ыза қысып бiр
жанды талап,
жүрегiңнен қабады.
Мынау өмiр жыртқыш-сынды жаралы.
Жаралы ғой –
сөзiң менен ойың да,
жаралы ғой –
не бiр батыл, сойың да, –
кездескен ғой оның бәрi сан рет
сойқан салған шоқпар менен сойылға.
Ел жаралы,
жер жаралы бүгiнде
жаралы ғой үнiң менiң тiлiң де.
...Жатып қалған мына өмiр –
жаншылып
тұрып кете алар ма екен түбiнде!
Жаралы ғой қуатым да,
күшiм де.
Жаралы ғой өңiм түгiл,
түсiң де!
Келе жатқан секiлдiсiң бейне бiр
қаптап тұрған жаралылар iшiнде.
Бұзылған ғой бұл өмiрден қан да әзiр.
Намыс отын құя алмайды жанға жыр.
...Сонау тұрған ақ қайың да, –
о, тоба! –
Гипстелген қол сияқты дәл қазiр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу