Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  59


Автор: Темірхан Медетбек

Арлы адамның

Лебен Садуақасовқа
Арлы адамның бәрi қазiр жаралы –
Қорықпаған қара деуге қараны,
Қорықпаған жала деуге жаланы
арлы адамның бәрi қазiр жаралы.
Жаралы ғой,
жаралы ғой,
жаралы! –
тасқа тиген маңдайы мен тауаны,
шоққа күйген шыжғырылып табаны,
арлы адамның бәрi қазiр жаралы.
Сұрапыл ғой –
мына заман ағымы.
Сұрапыл ғой –
мына заман дауылы.
Көре-көре бауырларын адасқан
арлы адамның езiледi бауыры.
Шайқалғандай тiршiлiктiң тiрегi,
сұп-сұр қазiр дүниенiң реңi.
Көре-көре жүрегi жоқ жандарды
арлы адамның тiлiм-тiлiм жүрегi.
Дүниенiң тұла бойы сырқырап,
Уақыттың шаңы шыққан бұрқырап.
Көре-көре
жаны күймес жандарды
арлы адамның жаны тұр ғой шырқырап.
Ойлай-ойлай –
қала менен даланы,
Ойлай-ойлай –
көне менен жаңаны,
ойлай-ойлай –
кәрi менен баланы,
күндiз-түнi жан жүрегi жылаған,
арлы адамның бәрi қазiр жаралы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу