Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  112


Автор: Темірхан Медетбек

Ақша бұлты қазақтың

Әбу ақсақалға
Жаны толы дастанға
күйiн төккен азаттың, –
қалқып жүрген аспанда
ақша бұлты ең қазақтың.
Сарқып құйып жан күшiн
тебiренген ойланып,
кеткен едi болмысың
ақ бұлтқа айналып.
Аппақ едi жырларың,
аппақ едi тiлегiң,
аппақ едi сырларың,
аппақ едi жүрегiң!
Ашып жанның қақпасын
жақын еттiң жырақты.
Желбiрейтiн ақ шашың
ақша бұлт сияқты.
Ақ нұр сыйлап ғасырға
ақ жүрекпен күлетiн, –
адамдардың қасында
ақша бұлт боп жүретiн.
Жалғап ойын арманға
дегендей-ақ ұшамын, –
ашатұғын бар жанға
ақша бұлт боп құшағын.
Рухыңмен тос, аға,
бар ғой алда ғажап күн...
қош бол ендi, қош аға,–
ақша бұлты қазақтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу